Құрылыс

Тамыздың екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні

Тамыздың екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні. Бүгін қалада мамандардың төл мерекесі қарсаңында салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шарада бірқатар жерлесімізге облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табыс етілді.

Құрылыс саласы ел экономикасына айрықша серпін береді. Ал құрылысшылардың еңбегінің арқасында көптеген ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, өңірімізде бой көтерген бірқатар зәулім ғимарат солардың дәлелі ме дерсің. Міне, 4 күннен кейін қажымас қайрат иелерінің төл мейрамы атап өтіледі. Бүгін мереке қарсаңында ауқымды жиын ұйымдастырылды. Шарада облыс әкімінің атынан орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтау сөздерін жеткізді.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімнің орынбасары:

– Облыстық бюджеттен 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аятауға қомақты қаржы бөлінген. Баспаналарға 8700 адам қоныстанатын болады. Сондай-ақ, облысымызда Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Құжатта отбасыларға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру туралы жазылған. Осы орайда құрылысшылардың мойнына үлкен міндет жүктеліп отыр. Біз олардың еңбегін қашанда жоғары бағалаймыз.

Мектеп, балабақша,баспана, саябақ пен жолдар. Облысымыз күн сайын гүлденіп, абаттандырылып жатыр.
Кәсіби мереге қарсаңында құрылысшыларды еңбегіне сай марапаттау дәстүрге айналған. Бүгін де 30-ға жуық маманға облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды.
Оған қоса, талай жыл құрылыс саласының тұтқасын ұстаған 5 жерлесімізге еліміздің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі берілді.

Александр Филипенко – «Вант» ЖШС директоры:

– Мен өмірімнің талай жылын құрылыс саласына арнадым. 1976 жылы ресейлік жоғарғы оқу орындарының бірінде өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс мамандығын аяқтадым. Кейін Солтүстік Қазақстан өңіріне жұмыс істеуге келдім. Міне, содан бері 43 жыл өтті. Петропавл туған жерімдей болып кетті. Бүгінгі алған марапатқа да осы елде алған тәжірибемнің арқасында жеттім.

Жиынға мәслихат депутаттары, белді тұлғалар, құрылысшылар мен жастар қатысты. Жас буын өкілдері жиын соңында білікті мамандармен тілдесіп, ақыл-кеңестерін алды.

Валерий Дорошенко – СҚО құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:

– Сала ардагерлері мен білікті құрылысшылар тамыздың 11-іне дейін жастармен кездесу өткізеді. Яғни, жиында мамандар оларға бар білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтады. Біз мұндай шараны биыл алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Осылайша, ұрпақты құрылыс саласына көптеп тартуды көздеп отырмыз.

Биыл облысымызда шамамен 70 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Жыл соңына дейін тағы жалпы 235 мың шаршы метр баспананы иелеріне тапсыру жоспарланыпты.

 

Маржан Касымбек