Қоғам

Сыбайлас жемқорлықпен күрес

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет! Бұл тұрғыда дін өкілдерінің атқарар ісінің маңызы өте зор. Себебі, имамдар  тұрғындар арасында үгіт-насихат, әңгіме жүргізу арқылы парақорлықтың зиян екенін түсіндіреді. Мұндай байланысты әрі қарай нығайту мақсатында Петропавлда ерекше форматтағы жиын өтті.

Қазіргі күні елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Былай деуімізге толық негіз бар. Себебі, бүгінде интернет, теледидар, газет-журнал беттерінде бармақ басты, көз қыстылық жайлы жиі жарияланады. Оған қоса жер-жерде парақорлық тақырыбында түрлі іс-шаралар өтеді. Мұны көріп, біліп жүрміз. Бірақ, әлі де іске қарқын қосып, қоғам індетіне қарсы мәдениетті қалыптастырған жөн. Бұл орайда дін өкілдерінің алатын орны зор.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Ниетіміз, дін өкілдері арқылы – алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру. Себебі, олар үгін-насихат арқылы, түсіндіру арқылы адамдарға жеткізе алады.

Дін өкілдерінің сыбайлас жемқорлық жайлы айтары мол. Бір ғана ислам дінін алайық. Мұнда парақорлыққа мүлде жол жоқ. Шариғат заңы бойынша тек адал жолмен ғана табыс табу керек. Біреудің ақысын жеуге болмайды. Сыйлықты да өз орнымен беру қажет.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

– Шариғатымызда бұрын ағайын-туыс, құда-жекжат болмай, танымайтын адамға, лауазымды кісіге сыйлық беруге болмайды. Тіпті, ислам әлемінің сот жүйесінде екі тараптың 1 бөлмеде 5 минутқа да қалуына болмайды.

Ал танымайтын тұлғаға қызмет бабымен сыйлық тарту етілсе немесе басқа да парақорлық фактісі орын алса ше? Онда берген адамның да, алған жанның да күнәсі бірдей болып саналады екен. Дін өкілдері арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев те қатысты. Ол басшы, мемлекеттік қызметші қандай болу қажеттігіне тоқталды.

 

 

Култанов Байболат