ТЖ

СҚО-да шомылу маусымы басталғалы бері 22 адам суға батқан

Өңірде шомылу маусымы басталғалы бері 20-дан астам адам суға батқан. Олардың басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстанбаған екен. Бұл жайлы бүгін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған брифингіде айтылды.

Рұқсат етілмеген жерде шомылу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау және мас күйде суға түсу. Осындай себеппен жыл басынан бері 20-дан астам теріскейлік ажал құшқан. Құтқарушылардың сөзінше, олардың 70 пайызы ішімдік ішіп алып шомылған екен.

Айта кетейік, суға түсуге рұқсат етілген орындарда бірде-бір қайғылы оқиға орын алмапты.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда облыс аумағында суға байланысты 22 қайғылы жағдай тіркеліп отыр. Олардың ішінде 6-ы шомылу кезінде, 3 адам балық аулап жатқанда, 1 адам гидроскутерде демалу уақытында қаза тапқан. Ал қалғандары әр түрлі жағдайларға байланысты көз жұмған.

Су – тілсіз жау. Адамның жұмбақ жағдайда жоғалып, денесі судан табылған жағдайлар да кездесті. 90-шы жылғы туған Сағындық Салықовты жерлестері 4 күн бойы іздеп, мәйітін Есіл өзенінен тапты. Құтқарушылардың сөзінше, жуырда осыған ұқсас тағы бір жайт тіркелген.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 2 күннен бері Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылының маңайында іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жерде де Ростовщиков деген азамат жоғалып кеткен еді. 2 күннен бері іздестіріліп жатыр.

Шомылу маусымы басталғалы бері құтқарушылар мен полицейлер жағажайларды қатаң бақылауға алған. Олар рейдтік шараларды жиі өткізіп, демалушыларға қауіпсіздік ережелерін еске салып тұрады. Арасында тәртіп бұзған 250 жерлесімізге сабақ болсын деп әкімшілік хаттама толтырыпты.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 58 орын бар. Шомылуға тыйым салынған жерлерге 249 ескерту тақтайшасы орнатылған. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, суға кеткен адамдар туралы ақпараттық тақтайшалар орнатпақшымыз.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жағажайда кезекшілік кезінде түрлі жағдайларға тап болатынын айтты. Солардың арасында ең өрескелі тұрғындардың суға кіріп, өтірік батып жатқандай кейіп танытуы. “Ойыннан от шығады” демекші, кей кездері мұндай адамдар шынымен де оқыс оқиғаға тап болуы мүмкін. Соны ескерген мамандар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертіп отыр.

Маржан Касымбек