Құқық қорғау органдары

“Қауіпсіз аула” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

Жыл басынан бері қала көшелерінде мас күйде жүрген 7 мыңнан астам адам тіркелген. Ал 2 мың 200-ге жуық тұрғын көпшілік өтетін жерде шылым шеккен. Тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Қазір өңірде “Қауіпсіз аула” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Қаладағы әрбір аула қауіпсіз болуы керек. Қоғамдық тыныштықтың сақталуы – кезекшілік атқаратын полицейлер мен әскери қызметшілердің қадағалауында. Олардың басты міндеті – қылмыстар мен құқықбұзушылықтарға жол бермеу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сол себепті, күн сайын бір ауысымда 150-ге жуық адам жұмыс істейді екен.

Шәмшиден Ақышов – қалалық ПБ ЖПҚ бөлім бастығының орынбасары:

– Осындай іс-шараның мақсаты – үйлердің аулаларында ұрлықтарды болдырмау. Учаскелік полицейлер, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, Ұлттық ұланның әскери жасақтары, патрульдік полиция батальоны – олардың барлығы қызмет өткерудің күшейтілген түріне көшірілді.

Ескерту, алдын алу, әңгімелесу. “Қауіпсіз аула” акциясы аясында полицейлер құқықбұзушылыққа жол бермеуге баса назар аударуда. Бұл жұмыстарға учаскелік полиция инспекторлары пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары мен белсенділерін де тартуда.

Владимир Айперт – ПИК төрағасы:

-Жұмыстың негізгі бөлігін учаскелік инспекторлар атқарады. Өйткені, олар аулаларды аралап, төрағалармен сөйлеседі. Тұрғындар арасындағы тәртіпті қадағалайды. Біз де өз тарапымыздан оларға көмек беріп, бірлесіп қоғам қауіпсіздігіне жауап береміз.

Жалпы, жыл басынан бері қала көшелерінде мас күйде жүрген 7 мыңнан астам адам, 2 мың 200-ге жуық тұрғын қоғамдық орында темекі шеккені үшін, 863 адам белгіленбеген жерде заңсыз сауда жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Кәмелетке толмағандар арасында да тәртіп бұзғандар табылыпты. Ол бойынша 1,5 мыңнан астам хаттама толтырылған екен.

 

Бердимурат Баймухан