Құқық қорғау органдары

Биыл Петропавлда 68 велосипед қолды болған

Қазіргі уақытта қала көшелерінде 400-ден астам камера жұмыс істеп тұр. Оның 340-ға жуығы учаскелік полиция бекеттеріне қосылған. Құрылғылардың қылмыстың бетін ашудағы пайдасының зор екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мәселен, жыл басынан бері  ұрланған 68 велосипедтің басым бөлігі иелеріне қайтарылыпты.

Үйдің ауласы, жертөле мен подъездер. Қараусыз қалған велосипедтер көбінесе осы жерде қолды болады. Бұл қазір өзекті деген мәселелердің бірі болып отыр. Оңай олжаға ие болу үшін ұрылар түрлі айла қолданады. Солардың бірі -көпқабатты үйде орын алатын жағдай. Баукеспелер бөтен біреудің атымен немесе коммуналды қызметкер ретінде подъезге кіреді. Кейін күннің батқанын күтіп, арам ойын іске асырады.

Жеңісгүл Бейсембина – Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Қылмыстың ашылуында үйлерде және подъездердің ішінде орнатылған бейнебақылау камераларының көмегі зор. Сол себепті, қала тұрғындарынан аталған орындарда бейнебақылау камераларын орнатуларын сұраймыз.

Шілде айының өзінде бейнебақылау камерасының арқасында 2 петропавлдық азамат велосипедін тапқан. Оның бірі қос дөңгелекті көлігін жертөледе қалдырған болса, енді бірінікі подьезде тұрыпты.
Жалпы, Петропавлда жыл басынан бері 68 велосипед ұрланған екен. Басым бөлігінде қолды болған дүниелер иелеріне қайтарылған.

Нұрдәулет Қорғанбек:

– Үйге кешке келсем велосипед орнында жоқ. Дереу жауапты органдарға хабарластым. Шамамен 1 аптадан соң ұрланған затым қайтарылды. Тәртіп сақшыларына айтар алғысым шексіз.

Жалпы, жыл басынан бері Петропавлда бейнекамералардың көмегімен 500-ден астам қылмыстың беті ашылған.

 

Актолкын Солтанханкызы