Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шаһарға іс-сапармен сенатор Ольга Перепечина келді

Петропавлға кезекті рет іс-сапармен Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина келді. Бұл жолы халық қалаулысы шаһардағы тұрғын үй құрылысының барысын бағамдады. Сенатор темірбетон материалдарды әзірлейтін комбинатта болып, кәсіпорын басшылығы кезіккен проблемаларға құлақ түрді. Одан өзге, бүгінде жергілікті университетте жатақхана жетіспеушілігі байқалады.

“Единство” серіктестігінде панельді көпқабатты үйлерді салуға қажетті құрылыс материалдарының бәрі шығарылады. Бірақ, темірбетон өнімдерін әзірлейтін өңірдегі бірегей комбинаттың жұмысы бүгінде қиындаған. Осыдан 4-5 жыл мұнда Италия, Испания мен Германиядан қымбат қондырғылар әкелініпті. Алайда, олардың басым бөлігі тоқтап тұр. Зауыт өз қауқарының тек 10 пайызын ғана пайдаланып отыр. Сенатор Ольга Перепечина серіктестік басшысының базынасын мұқият тыңдауда.

Андрей Титов – “Единство” ЖШС директоры:

– Бізде цемент шығаратын зауыт жоқ. Оны сырттан әкелуге мәжбүрміз. Қиыршық тасты да 200 шақырымдық жерден тасимыз. Тасымалдауға көп қаржы кетеді, сондықтан интерттік материалдар қымбатқа түсіп жатыр.

Петропавл бойынша панельдік үйлерді тұрғызатын компаниялардың барлығы құрылыс материалдарын осы комбинаттан алады. Өйткені, бұл ығайлы, тез әрі арзанырақ. Алайда, материалдарды қарызға алған кей мердігерлер ақшасын қайтаруға асығар емес. Олар зауытқа 300 млн теңге берешек. Салдарынан қазір комбинаттың айналымдағы қаражаты жоқ. Зауытқа қарызын қайтармай жатқан мердігерлердің бірі алматылық «Akcent KZ» компаниясы. Жуков көшесіндегі 5 қабатты үйді олар осымен үшінші жыл тұрғызып келеді. Құрылыс бүгінде тоқтап тұр.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Компанияны сотқа береміз. Жауапсыз мердігер заң бойынша жауапкерішікке тартылады. Өйткені, мысалы үшін, көрші тұрған екі баспана да темірбетон панельдерден салынған. Бірақ, мұндағы мердігерлер нысандарды екі жылдың ішінде тұрғызып берді. Үйдердің бірі қолданысқа берілді, екіншісінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сенатор қолданыстағы баспаналардың сапасымен танысты, тұрғындармен де тілдесті. Ал “Единство” серіктестігінің қаржылық проблемасын қалай шешуге болады? Депутат серіктестікке тек құрылыс материалдарын ғана сатпай, баспананы өздерің тұрғызыңдар деп кеңес берді.

Ольга Перепечина – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Компанияға 2-ші деңгейлі банктерден несие алып, тұрғын үй құрылысы бағдарламаларына қатысу керек. Яғни, баспана құрылысымен айналысқан әлдеқайда тиімдірек. Өйткені, материалдарды сатып алудың қажеті жоқ, бәрі комбинаттың өзінде шығарылады. Ал қала басшылығы кейін дайын үйлерді сатып алатын болады.

Бұдан соң Ольга Перепечина М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға бас сұқты. Мұнда енді студенттік баспана мәселесі өзекті тұр. Қазірдің өзінде жатақханаға зәру 2,5 мың білім алушының бәрін бірдей оқу ордасы тұрғын жаймен қамти алмай отыр. Көбі пәтер жалдауға мәжбүр.

Ербол Исақаев – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ бірінші проректоры:

– Жыл санап білім алушылардың саны артуда. Қазірдің өзінде бізде 7 мыңдай жас оқиды. Ал алдағы бірер жылда студенттердің қатары 10 мыңға дейін жетпек. Қазір бізде 3 жатақхана бар. Олар небәрі 1126 орынға шақталған.

Мәселе біртіндеп шешіліп жатыр дейді басшылық. Ольга Перепечина жыл басында қолданысқа берілген жаңа жатақханада болды. Бұл ғимаратты университет жеке кәсіпкерден жалға алып отыр. Ал келер жылы “Сион-Норд” серіктестігі өз қаражатына көрші аумақта 300 орынға арналған тағы бір студенттер үйін тұрғызбақшы. Ол да оқу ордасына жалға берілмек. Яғни, мұнда қоныстанатын әрбір білім алушы үшін университет айына 15 мың теңгеден төлеп отыратын болады. Бастама Сенатордың көңілінен шықты.

Ольга Перепечина – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Жер бөлінді, инженерлік желілер бар. Жатақхана келесі жылы қолданысқа беріліп, балаларымыз жылы әрі жайлы ғимаратта тұрады деген үміттеміз. Жеке кәсіпкерлермен осылай бірлесе жұмыс істеу қажет. Әріптестік одан әрі де жалғасын табуы тиіс.

Университет 1200 орынға шақталған тағы бір жатақхана тұрғызбақшы болашақта. Жоба дайын, бірақ оны жүзеге асыратын мердігер керек. Білім ордасы қолға алған тағы бір жоба – 12 қабаттық жаңа оқу корпусы.

Ербол Исақаев – М. Қозыбаев атындағы СҚМУ бірінші проректоры:

– Корпуста инженериялық, агрономиялық және медициналық зертханалар орналасатын болады. Студенттеріміз ең озық құрылғылардың көмегімен білім алу мүмкіндігіне ие болмақ. Жоба құны – 8 мрд теңге. Қазір ғимараттың жобалық-сметалық құжаттарын жасайтын компанияны іздестіріп жатырмыз. Конкурс жариялап қойдық. Жоспар бойынша оқу корпусының құрылысы 2022 жылы аяқталуы тиіс.

Әзірге, барлық жоспарларын оқу ордасы жемісті жүзеге асырып келеді. Мәселен, былтыр университетте жоғарғы медицина мектебі ашылған еді. Қазір оның материалдық техникалық базасы жасақталуда. Халық қалаулысы мұндағы су жаңа анатомия, гистология мен физиология зертханаларында болды.

Қондырғылардың бәріне білім ордасы 130 млн теңге жұмсаған. Аудиториялардың іші аураханадан аумайды. Студенттерді адамның іш құрылысымен толықтай таныстыра алатын қымбат аппаратура олардың сапалы білім алуына септеспек.

 

 

Саят Ермек