Балалар

«Блогерлер айқасы» өз мәресіне жетті

Жұмыссыздық пен экология проблемаларын шешу және патриоттыққа тәрбиелеу. Петропавлда алғаш рет ұйымдастырылған «Блогерлер айқасы» өз мәресіне жетті. Байқауға 20-дан астам әлеуметтік желі белсендісі қатысты. Жастар бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін бірнеше минуттық бейнеролик арқылы жеткізген.

Парень-бронижилет. Бейнероликтің атауы осындай. Кездейсоқ аталған емес, әрине. Видеоның бас кейіпкері – жарымжан Владимир Гришин. Азамат кішкентайынан мүгедек. Тағдырдың жазғанына қарамастан, ол әрбір күнін арпалыспен өткізеді. Өкінішке қарай, бұның барлығы лайықты өмір сүру үшін жеткіліксіз. Сондықтан, әлеуметтік желілердің белсендісі Игорь Попов қоғам назарын мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемаларына аудартқысы келіпті.

Игорь Попов:

– Менің бұл байқауға қатысуыма Владимир Гришиннің оқиғасы себеп болды. Мен онымен кішкентайымнан таныспын. Бастан өткерген бар қиындығын жақсы білемін. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдаланып, жарымжандардың мәселесін баршаға жеткізгім келді. Ең болмағанда бір адамға көмегім тисе – бұны жеңіс деп санаймын. Бейнероликті жасауға көп уақыт жұмсаған жоқпын. Бірақ, жүрегіме ауыр тиді.

Ютубқа жүктелген бейнеролик 1400-ге жуық қаралым жинапты. Ең бастысы 50-ден астамы Владимирге көмек қолын созбақ ниетте.

Теріскейліктердің назарын аудартқан видеоның тағы бірі «Жұмыссыздық» деп аталады. Жергілікті блогерлер үйсіз-күйсіз қалып, ішімдікке салынған адамдармен әлеуметтік эксперимент өткізіпті. Олар панасыз жүргендерге тамақ пен сыра ұсынған. Бірақ, тегін берілгендердің тек біреуін таңдауға болады екен. Өкінішке қарай, дені басымдықты алкогольге берген. Тағы жігіттер өмірін өзгерткісі келген қаңғыбастың бірі үшін пәтер жалдапты. Оны тамақпен қамтып, байланысқа шығу үшін ұялы телефон сатып алған. Тіпті, екі қолға бір күрекпен қамтымақ болған. Алайда, азамат алғашқы жұмыс күнінде-ақ ізін суытқан.

Қоғамдағы проблемаларды назарсыз қалдырмай, оның шешу жолдарын іздеп жүргендердің бірі – Әлихан Көшербаев. “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы екі жыл бұрын экология мәселелерін қолға алыпты. Әлеуметтік бейнеролигі де дәл осы тақырыпта.

Әлихан Көшербаев – “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы:

 – Мен Шаховское полигоны туралы бейнеролик әзірледім. Жыл сайын мұндағы қоқыс көлемі артып келеді. Тамақ пен өзге заттардың қалдығын лақтырғанмен, біз одан құтылмайтындығымызды түсінуіміз қажет. Яғни, бар болғаны қоқысты өзімізден әрірек тастаймыз. Алайда, бірнеше жылдан кейін бұл кәдімгідей проблемаға айналмақ. Сондықтан, экологиялық мәдениетті бүгіннен қалыптастыру қажет.

Бүгінде блогерлер – проблеманы ашық айтып, бұқараға жеткізетіндер ретінде танылып келеді. Олар тек диван жатып алып сынамайды, нақты әрекетке көшеді. Сондықтан, жастарға қолдау көрсету қажет дейді «Modern Qazaqstan» қозғалысының төрағасы Дархан Теміртас.

Дархан Теміртас – «Modern Qazaqstan» қозғалысының төрағасы:

– Біз блогерлер қауымдастығын құрғымыз келеді. Оларды ресми түрде тіркесек, жастарға деген көзқарас өзгеретін болады. Сондықтан, бүгінгі жиын соңында дәл осы мәселені көтермекпіз.

«Блогерлер айқасына» барлығы 20-дан астам жас қатысыпты. Сайысқа ұсынылған бейнероликтердің үздік деп танылғандарының авторлары марапатқа ие болды.

Эльмира Садвокасова