Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Жастар тәжірибесі” бағдарламасының іске асуы

Жоғарғы оқу орны мен колледждерді тәмамдаған түлектер үшін таптырмас мүмкіндік бар. Елімізде “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы іске асырылуда. Жоба қыз-жігіттерді мамандықтары бойынша екі қолға бір күрекпен қамтуды көздейді. Мәселен, жыл басынан бері шаһарда 70 жас маман 6 айлық тағылымдамадан өтуге жіберіліпті.

Бүгін – М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің түлегі Ұлмекен Дилдабекованың 10-шы жұмыс күні. Осы аралықта ол некеге тұрған қаладағы 3 мыңға жуық ерлі-зайыпты туралы мағлұматты арнайы базаға енгізіпті. Әзірге, азаматтардың хал актілерін жазу бөлімінің маманына жүктелген тапсырма осы. Әлеуметтік қызметкер мамандығын тәмамдаған жас қыздың айтуынша, жұмыс қызықты әрі күрделі емес. Сондықтан, полиция департаменті мен АХАЖ-дан ұсыныс түскенде ойланбастан соңғысының таңдаған.

Ұлмекен Дилдабекова – Петропавл қалалық АХАЖ бөлімінің маманы:

– Жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналастым. Таңғы 9-дан кешкі 6 жарымға дейін жұмыс істеймін. Алғашқы 3 күн қиын болды. Қазір үйреніп кеттім. Өзіме ұнайды.

Ұлмекен Дилдабековадан бөлек, дәл осы бөлімде “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша тағы 5 маман екі қолға бір күрекпен қамтылған. Өз қатарластарынан құралған ұжым болғандықтан, бір-бірімізге демеу боламыз дейді ол. Жалпы, биыл бағдарлама аясында өңіріміздегі колледждер мен университеттің 70 түлегі жұмысқа орналасыпты. Олар бүгінде шаһардағы 36 мекемеде мамандықтары бойынша алты айлық тағылымдамадан өтуде. Бастысы – тегін емес. Жалақылары 25 АЕК көлемін құрайды, яғни 63 мың теңгенің маңайында.

Батыр Серіков – қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Биылғы жылдың жоспары 175 адам. Әлі де түлектер келуде. Оларға жұмыс іздейміз. Олар бізге келіп, өтініш жазады. Өтініштерін қарастырып, мекемелердің жолдаған мамандықтары бойынша жұмысқа тұрғызамыз.

Бағдарлама бойынша түлектердің кез келген мекеме, кәсіпорын мен серіктестікке қызметке тұруға мүмкіндігі бар. Айта кету қажет, тағылымдама ретінде қарастырылатын 6 ай жастар үшін тек тәжірибе ғана емес, еңбек өтілінің мерзіміне де кіргізіледі.

 

Эльмира Садвокасова