Қоғам

Қызылжар ауданындағы Красноярка ауылына – 260 жыл

Биыл Қызылжар ауданындағы Красноярка ауылына 260 жыл толып отыр. Осыған орай жергілікті мектепте шағын музей ашылған екен. Онда өңіріміздегі өсімдіктер мен жануарлар туралы жинақтар топтастырылыпты. Еңбектердің барлығын оқушылар мен мұғалімдер өздері әзірлеген.

Мектеп директоры Ольга Михайлова талай жыл география пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарған. Сондықтан болар, нәзікжандының аталған салада жинақтаған тәжірибесі мол. Ол білгенінің барлығын ішінде бүкпей, оқушыларына үйретіп отырады. Мұғалім мектептегі мұражайдың ашылуына да үлкен үлесін қосқан.

Ольга Михайлова – Красноярка негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Музей екі оқу бөлмесінен тұрады. Бірінші бөлме сүйікті өңіріміздің табиғатынан сыр шертеді. Ал екіншісінен оқушыларымыздың жеткен жетістіктері мен олардың түрлі мақтау қағаздарын көруге болады. Біз осылардың барлығына бірнеше жылдық ізденістің арқасында жеттік. Бастапқы да бұл ойды ұстаз болған менің анам ұсынған еді. Оның ісін мен жалғастыруды жөн көрдім.

“Су қоймасының жасыл моншақтары”, “Тірі күмістер”, “Дала моншақтары”. Бұл – оқушылар құрастырған жинақтардан өңірімізде мекен ететін жануарлардың түр-түрін көруге болады. Беттерін парақтай отырып тіршілік иелері туралы біраз мәліметтерді біле аласың.

Музей үстіміздегі жылдың көктемінде ашылған. Ұйымдастырушылар мұндағы еңбектерді жинау үшін 30 жылын сарп етіпті. Нәтижесі де жаман емес. Мектепке келгендердің барлығы жинақтарды тамашалап, өздерінің жоғары бағаларын беріп жатқан көрінеді.

Ольга Михайлова – Красноярка негізгі мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Біздің ауылымыздың құрылғанына 2 ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл жерді тарихи мекен деп айтуға да болады. Мұнда жастар жылда туристік экскурсия өткізеді. Өткен аптада да бізге басқа ауданның балалары келіп кетті. Жинақтарды оларға да көрсеттік. Барлығының көңілінен шықты.

Мұғалімдер әдетке сай оқушыларды экскурсияға шығарды. Олар мұнда Есіл өзенінің суына зерттеу жасап жатыр. Кейін, жастар емдік өсімдіктермен танысты.

– Мені бәрінен бұрын мұражайдағы түрлі жинақтар қызықтырды. Достарыммен далаға шығып экскурсия жасадық. Уақытымыз пайдалы әрі қызықты өтті.


– Өсімдіктерді себепсіз жұлып тастауға болмайды. Керісінше оларды күтіп, баптауымыз керекпіз.

Балдырған, қожағай, балқұрай, кекіре. Балалар осы сынды 10-ға жуық өсімдік пен гүлдерді көріп, атауларын жаттады. Айта кетейік, биыл Красноярка ауылына 260 жыл толады екен.

Маржан Касымбек