Қоғам

Әуе десанты әскері күні аталып өтті

Бүгін әуе десантшыларының күні. Осыған орай Петропавлда білекті де жүректі Отан қорғаушылардың қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Жиында азаматтар майдан шебінде қаза тапқан жандардың рухына тағзым етіп, Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бастарында – көк берет, үстерінде – көк жолақты майка. Н.Погодин атындағы облыстық орыс театры алдында кезінде Отан алдындағы борыштарын өтеген азаматтар бас қосып, сап түзеді.

Виталий Пенкин, СҚО бойынша “Десантшылар Одағы” ҚБ төрағасы:

– Әуе-десанттық әскерде қызмет ету – әр азамат үшін үлкен мәртебе. Олар мұны мақтан тұтады. Ең қиын жауынгерлік міндеттерді орындау – десантшылардың мойнында. Әскерилерді бүгінгі мерекелерімен құттықтаймын.

Құттықтау сөдерден кейін десантшылардың ізбасарлары, жергілікті “Саланг” әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері жиналғандарды өнерлерімен сүйсіндірді.

Александр Азегов, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Біздің клуб жасөспірімдер мен балаларды әскерге дайындайды. Мақсатымыз – өскелең ұрпақтың бойына әскерилерге тән тәртіп пен жауынгерлік қасиетті дарыту. Бүгінде “Саланг” әскери-патриоттық клубына 32 жыл толып отыр. Мұнда 14 жасқа дейінгі өрендер тәрбиеленеді.

Сондай-ақ, әскери қызметте ерекше көзге түскен азаматтар арнайы төсбелгімен марапатталды.
Атаулы күнге орай жиылған сарбаздар ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Кейін Отан қорғаушылар Ауған жерінде қаза болған жандардың ескерткішінің алдына барып, интернационалдық борышын өтеген бауырларын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұдан кейін десантшылар жыл сайынғы дәстүр бойынша қаладағы “Сәбилер үйіне” ат басын бұрды. Олар ата-ана қарауынсыз қалған балаларға өз сыйлықтарын тарту етті.

 

 

Бердимурат Баймухан