Спорт

“Qyzyljar” ФК елордалық “Астана М” командасын жеңді

Тамыздың 3-ші жұлдызында футболдан 1-ші лига командалары арасындағы 15-ші тур ойындары өтті. Бұл күні жергілікті «Qyzyljar» құрамасы елордалық «Астана М» командасын өз алаңында қарсы алды. Тартысты кездесуде солтүстікқазақстандық аяқдопшылар жас қарсыластарын ірі есеппен жеңді.

Кездесудің 4-ші минутында «Qyzyljar» футболшысы Павел Кривенцев бұрыштамадан көтерген допты басымен қақпаға дәл бағыттап командасын алға шығарды. Таблодағы есеп – 1:0.
Осыдан кейін тағы бір әдемі голдың куәсі бола жаздадық. «Qyzyljar» құрамасының 21-ші нөмірлі ойыншысы Момоду Сисей қарсыластарының қақпасына доп соққысы келді. Бірақ, мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.

Арада 30 минут өткеннен соң тағы бір гол соғылды. Бұл жолы теріскейлік аяқдопшы Павел Кривенцев бұрыштамадан көтерілген допты ұтымды пайдаланып, қарсылас команданың қақпасына 2-ші голды кіргізді. Сәл уақыттан кейін бірінші тайм аяқталды. Қызылжарлықтар 2:0 есебімен алда келе жатыр.

– Жергілікті команда бүгін жақсы ойын көрсетуде. Бірінші таймда жерлестер бізді 2 голмен қуантты. «Qyzyljar» командасының жалынды жанкүйерлерінің бірімін. Әр ойындарын жібермей көремін. Келесі таймда да сәттілік тілеймін.

Кездесудің 48-ші минутында «Qyzyljar» құрамасының ойыншысы Момоду Сисей 3-ші голдың иесі атанып есепті еселей түсті. Матч соңына дейін қарсылас құрама жауап қайтара алмады. Осылайша, аяқдопшылардың сайысы 3:0 есебімен өз мәресіне жетті.

17-ші нөмірлі теріскейлік Павел Кривенцев – бұл жарыстың дублёрі. Ол осы бәсекеде қарсыластарының қақпасына 2 бірдей гол соқты.

Павел Кривенцев, «Qyzyljar» командасының шабуылшысы:

– Бүгінгі ойын тартысты өтті. Қарсыластардың дайындығы жаман емес. Бірінші кезекте бізді қолдауға келген жанкүйерлерге зор алғысымды айтамын. Ең бастысы жеңіске жеттік. Енді, кезекті ойында да жақсы өнер көрсетуге тырысамыз.

«Qyzyljar» командасы жалпы есепте 31 ұпаймен турнирлік кестеде 3-ші орынға табан тіреді. Олар тамыздың 10-шы жұлдызында Орал қаласында «Ақжайық» командасымен кездеседі. Бұл – премьер-лигаға шығуға үлкен мүмкіндік.

 

 

 

Бердимурат Баймухан