МТРА жаңалықтары

Облыстық сот 6 айлық жұмысын қорытындылады

«Үлгілі сот», «Түнгі сот», «Отбасылық сот». Бүгінде фемида өкілдерімен атқарылып жатқан шаруа мол. Олардың бірқатары дау-дамайларды судья алдына дейін жеткізбеуге бағытталған. Мәселен, биылғы жарты жылдың ішінде азаматтық келіспеушіліктердің 491-і медиаторлардың көмегімен шешіліпті. Тағы өңірде билер институты жаңғырған.

2019 жыл – сот төрелігінің сапасы жылы деп белгіленді. Биыл фемида өкілдерінің иығына артылған жүк ауыр. Мұндай жауапты қызметке өту де біршама қиындапты. Содан болар, қазір облысымызда аталған салада 16 бірдей бос орын бар. Кейбір аудандық соттардың өзі төрағасыз отырған көрінеді. Талап күшейді, бірақ қажетті жағдай да жасалуда дейді мамандар. Бүгінде судьяларға түсетін жүктемені азайтып, қоғамдық даукестік деңгейін төмендету мақсатында қыруар шаруа атқарылып жатыр. Бұл іске, әсіресе, бітімгерлер белсене қатысуда.

Ерлан Айтжанов – Облыстық соттың төрағасы:

– Солтүстік Қазақстан облысында «Татуласу: сотқа дейін, сотта» қанатқақты жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. 6 айдың ішінде медиаторлардың көмегімен 491 азаматтық дау-дамай шешімін тапты. Уәлиханов ауданындағы Қулыкөл ауылындағы билер кеңесінің арқасында бір істің басы ашылды. Ең бастысы – олардың барлығы судьяның қарауына дейін жетпей, бітімгерлікпен аяқталды.

Бірінші инстанциядағы 3 соттың да мақтанарлық нәтижелері бар. «Татуласу: сотта» пилоттық жобасына қатысуға ниет білдірген жандардың 74,5 пайызы келіспеушіліктерін шешіпті. Бұл ретте облыстық соттың көрсеткіші 14,5 процентті құрайды. Істі бітімгерлікпен аяқтауға бағытталған шараға қатысқандардың сөзінше, медиаторлардың жұмысы көңіл көншітерлік. Тағы фемида өкілдері бүгінде «Түнгі сотты» да қолға алып отыр. Бұл, әсіресе, жұмысбасты азаматтар үшін қолайлы. Себебі, іс кешкі уақытта қаралады екен. Тағы өңірде «Отбасылық сот» пен «Виртуалды сот» жобалары да іске асырылып жатыр. Енгізілген жаңашылдықтар бүгінде жолға қойылып келеді. Себебі, биылғы алты айдың ішінде судьяларға түскен арыздардың саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге төмендепті.

Владимир Кириленко – облыстық соттың қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы:

– Сонымен қатар, ақтаушы үкімдердің саны артып отыр. Егер 2017 жылы мұндай шешім мүлде шығарылмаса, 2018-де бір азаматтың ісі тоқтатылды. Ал биылғы жарты жылда 6 адамды ақтау бойынша апелляция өткізілді. Соның екеуіне қатысты оң шешім шығарылды. Бірі “Азия” дәмханасының маңында болған төбелеске байланысты. Екі азамат жұдырықтасып, салдарынан бірі қаза тапқан еді. Анықталғандай, көз жұмған жігіт мас болып, Клементьевке бас салған. Соңғысы соққыдан қашқанда, ол жерге құлап, басын жиектасқа ұрып алған. Сөйтіп, қайтыс болды.

Тағы 2019-дың алты айында облыс соттарында 8847 азаматтық іс қаралыпты. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 18 пайызға кем.

 

 

Эльмира Садвокасова