Қоғам

Қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Бүгін қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Тұңғыш Президент саябағын абаттандыру туралы айтылды. Яғни, аумаққа түрлі ағаштар отырғызу жоспарланған.

Жиын барысында талқы болған тақырыптардың бірі – Тұңғыш Президент саябағын қалыпқа келтіру. Яғни, бұл жерді абаттандыру жоспарланып отыр. Саябаққа тұрғындар мен қала қонақтары серуен құрып, бой сергітуге жиі барады екен. Сол себепті, қалалық мәслихат депутаттары аумаққа 70-ке жуық көшет егуді ұсынды.

Қайрола Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Саябаққа бұталарды топтастырып және қатарластырып отырғызбақшымыз. Арасында жөке ағашы мен үйеңкі бар. Мамыргүл де егілгені дұрыс. Ол көктем кезінде ерекше құлпыра түседі әрі иісі де жұпар. Кейін дала бадамын отырғызып, жалпы 3515 шаршы метр жерді көгалдандырмақшымыз.

Абаттандыру жұмыстары күзде өткізіледі деп жоспарлануда. Негізінен, ағаштарды саябақтың кіре берісіне отырғызу көзделіп отыр. Дегенмен, түптердің өсіп, жайқалуы үшін арнайы күтім қажет. Талдар өткен жылдардағыдай қараусыз қалатын болса, қоршаған ортаға келетін шығын да көбеюі мүмкін. Қоғамдық кеңес мүшелері көшеттерді күту үшін бюджеттен қаражат қарастыру қажеттігін айтты.

Владимир Козлов, “Мир аттракционов” ЖШС бас директоры:

– Барлық ескі ағаштар кесіледі. Өйткені, олар қатты жел тұрғанда құлап кетуі мүмкін. Сондықтан, саябаққа жаңа көшеттер отырғызылуы керек және олар міндетті түрде қараусыз қалмауы тиіс.

Сондай-ақ, жиын барысында қаладан шеткері орналасқан елді мекендерден оқушыларды мектепке автобуспен тасымалдау мәселесі туралы қаузалды.

Маржан Касымбек