Әр түрлі

Мектептерді жөндеу жұмыстарының барысы

Қазір шаһардағы мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы мақсатта 28 білім ұясына деп республикалық бюджеттен 800 млн теңге қаржы бөлінген екен. Оның тең жартысында жоспарланған іс толығымен тындырылды.

№9 орта мектептің спортзалы бұрын осындай болған. 30 жыл бойы жөндеу көрмеген жерде бүгінде қызу жұмыс. Әжептәуір іс атқарылыпты. Қазір мамандар қабырғаларды сылап, есіктерін орнату ғана қалды дейді.

Эльдар Мухамадеев, «СантехЭлектроМонтаж» ЖШС өкілі:

– Әуелде жоспарланған шаруаның басым бөлігі орындалды. 20 пайыздай жұмыс қалды. Істі кестеге сай уақытында аяқтаймыз деп отырмыз.

Бұдан бөлек мектептің кәріздік жүйесі мен сыртында да тиісті жұмыстар жүргізілген екен.

Зимфира Исимбаева, №9 орта мектебі директорының орынбасары:

– Жылдың басында біз кәріздік жүйені алмастырдық. Тағы асханаға жаңа әрі заманауи қалқалар орнаттық. Мектептегі шағын орталықтың шатырын жаңарттық. Енді спорттық зал ғана қалып отыр. Бұл жұмыстар бітісімен оқу жылына толықтай дайынбыз деп айта атамыз.

Бұл қаладағы күрделі жұмыс жүргізіліп жатқан жалғыз мектеп емес. Басқа да оқу ошақтарында әжептәуір іс атқарылып қалған.

Айнагүл Сұрағанова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Бүгінгі күні 28 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 50%-да толығымен аяқталды. Қалған мекемелерде жоспарлы түрде жұмыстар жалғасуда.

Жалпы, биыл қаладағы мектептерді күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 800 млн теңге бөлініпті.

Актолкын Солтанханкызы