Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға 1032 грант бөлінді

Инженер, құрылыс, IT, педагогика, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік ғылымдар мен өнер. 50 мыңнан аса грант өз иелерін тапты. Қыз-жігіттердің 1032-ісі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін таңдапты. Сұраныс биыл, әсіресе техникалық мамандықтар мен медицинаға артқан көрінеді.

11 жыл бойы төккен тердің еңбегі 50 мыңнан астам қазақстандық түлек үшін ақталды. Шілденің 13-інен бастап ҰБТ нәтижесін қолдарына ұстаған жастар қабылдау комиссияларының табалдырығын тоздырған болатын. Кеше еліміздегі жоғарғы оқу орындарында тегін білім алатын студенттердің есімі белгілі болды. Биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға 1032 грант бөлініпті. Қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары айтқандай, талапкерлер тарапынан техникалық мамандықтарға сұраныс артыпты. Сондай-ақ, өмірімді медицинамен байланыстырамын деген қыз-жігіттер арасындағы конкурс та жоғары болған көрінеді. Алайда, болашақ ақ халаттыларға 22 білім гранты тағайындалған.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Оның 195-і «Серпін» бағдарламасы бойынша, тағы 345 – педагогикалық квота аясында. Қалған 492 грант – жалпы конкурс бойынша тағайындалды. Біздің қабылдау комиссиясына 990 түлек келіп грантқа өтініш білдірді. Университетімізді таңдаған қалған талапкерлер елдің өзге өңірлерінен.

Қазір білім грантын иеленген талапкерлермен тығыз жұмыс жүргізілуде. Егер олар дәл осы мамандықта немесе университетте тегін білім алудан бас тартатын болса, бұл мүмкіндік өзге студентке берілмек. Сондықтан, ұпайлары жетпей, конкурстан өте алмаған қыз-жігіттерге мұңаюға әлі ерте. Бұдан бөлек, ел бойынша игерілмеген 3 мың грант бар екен. Олар енді әлеуеті жоғары бағыттар бойынша қайта қарастырылатын болады. Үкімет тарапынан жоғары білімді қолжетімді қылу үшін жасалып жатқан шаралар аз емес.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары:

– Үкімет тарапынан бөлінген 5 мың грант аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар арасында тағайындалады. Осы ретте біздің өңірге 60 грант берілді. Тағы Көкшетау қаласының әкімдігі 20 грант бөлмекші.

Мемлекеттік грантқа қол жеткізген түлектердің құлағына алтын сырға! Жастар тамыздың 10-ынан 25-іне дейін жоғарғы оқу орнына келіп, құжаттарды рәсімдеуге міндетті.

 

Эльмира Садвокасова