Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жандар жүргізуші куәлігін алды

Көптен күткен сәт. Бүгін “Равная дорога” автомектебінің өкілдері жүргізуші куәлігін алды. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандар өздері армандаған құжатқа қол жеткізді. Жобаның жетекшісі – Сәлімхан Сәбитов.

Темір тұларды жүргізу олар үшін арман болатын. Қазірде бұл олай емес. Бүгін Сәлімхан Сәбитовтың бастамасымен ашылған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектептің түлектері соңғы тестілеуден өтіп жатыр. Көлікті енді бұл жандар да жүргізуге құқылы. Себебі, темір тұлпар арнайы қондырғымен жабдықталған. Алайда, ескере кетер бір жайт бар.

Сәлімхан Сәбитов, «Равная дорога» ЖШС автомектебінің директоры:

– Қолмен басқару өте ыңғайлы ойластырылған. Ол екі функцияны қатар орындайды: тормоз және газ. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігінің сұранысы бойынша азаматтардың екі қолы мен бір аяғы жұмыс істеуі қажет.

Жалпы, автомектепті 14 түлек тәмамдайды деп жоспарланған болатын. Алайда, бүгін оны тек 7-уі ғана аяқтап отыр. Оның 4-уі мүмкіндігі шектеулі жандар екен.
Алексей Масловқа қорытынды тестілеуден өту ғана қалыпты. Азамат енді өзіне ыңғайлы күні сынақ тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады.

Алексей Маслов, «Равная дорога» автомектебінің түлегі:

– Өкінішке қарай, менің бойыммен көлік жүргізу мүмкін емес болатын. Алайда, осы арнайы жабдықталған көліктердің арқасында менің арманым орындалды. Бүгін мен автомектепті оқығанымды растайтын куәлік алдым. Кейін қорытынды тестілеуден өтетініме сенімдімін.

Ал Екатерина Залецкая болса көлік жүргізуге рұқсат беретін куәлігін алып отыр. Нәзікжандының қуанышында шек жоқ. Себебі, бұл азаматшаның бала кезден арманы болған екен.

Екатерина Залецкая, «Равная дорога» автомектебінің түлегі:

– Мен көлік жүргізуді бала кезден армандайтынмын. Алайда, денсаулығыма байланысты бұл мүмкін емес екенін түсіндім. Әрине, алғаш рөлге отырған кезде қобалжу болды. Кейін, үйреніп кеттім.

Жоба жетекішсі Сәлімхан Сәбитовтың жоспары ауқымды. Азамат осындай бастаманы енді көрші қалаларда да қолға алуды көздеп отыр.

Актолкын Солтанханкызы