Спорт

Екінші матчта да “Құлагер” рудныйлық “Горняк” құрамасын тізе бүктірді

Шайбалы хоккейден жолдастық кездесу бүгін жалғасын тапты. Кеше “Құлагер” өз мұз айдынында рудныйлық “Горняк” құрамасын қабылдап, алғашқы ойында 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Шайба тасталысымен қос құрама да шабуылға басты. Дегенмен бұдан ешнәрсе шықпады. Сөйтіп бірінші периодта есеп ашылған жоқ. Ал екінші кезең басталысымен жергілікті жігіттер матч тізгенін өз қолдарына алды. Осылайша, ойынның негізгі бөлігі “Горняк” қақпасының маңында өтті. Бұл өз нәтижесін берді. Бәсекенің 27-ші минутында құлагерлік Евгений Попитич есеп ашты.

Екінші жиырма минуттықта теріскейліктер мықтылық танытты. Жанкүйерлер мәре-сәре.

– Бүгінгі ойынға отбасымызбен келдік. Құлагер командасына көптен бері жанкүйерміз. Әр матчты асыға күтеміз. Біздің ойымызша бүгін де жеңіс біздікі болады.

– Ең бастысы – ойыншылар жарақат алып қалмасын. Себебі, алда жаңа маусым. Ал жалпы екі құрамада осал емес.

Көп ұзамай үшінші период та басталып кетті. Бұл кезеңде “Горняк” құрамасы шаршаңқы көрінеді. Шабуылдарында мән жоқ. Қорғаныстары да осал. Мұны жерлестеріміз ұтымды пайдаланды. 47-ші минутта “Құлагер” сапына жаңадан қосылған шабуылшы Александр Ильин 2-ші шайбаны салды. Ал матчтың аяқталуына сәл қалғанда айдын иелері басымдықты арттырды. Сонымен есеп 3-те 0. Тағы да қызылжарлықтар қарсыласты қалпақпен ұрып алды.

Александр Ильин – Құлагер” ХК шабуылшысы:

– “Құлагер” құрамына қосылғаныма өте қуаныштымын. Команда мені жақсы қарсы алды. Жігіттердің барлығы ұйымшыл. Қазіргі таңда жаңа маусымға дайындалудамыз. Бүгінгі қарымта кездесу туралы айтатын болсам, қарсыластарымыз осал емес. Ұжымдарында тәжірибелі хоккейшілер жетерлік. Бірақ, қос матчта да жолымыз болды. Жеңіс біздің жақта.

Айта кетейік, қыркүйек айында шайбалы хоккейден Қазақстанның ашық чемпионаты басталады. Оған биыл 11 команда қатыспақ. Арасында өзбекстандық құрама да бар.

Ешкенова Дана