Қазақ күресінен клубтар арасында ел кубогі үшін тартыс өтті

Спорт

20:35 5 Тамыз 2019

Бүгін Александр Винокуров спорт сарайында қазақ күресінен ел кубогі өтті. Оған 7 өңірден 50-ге жуық палуан қатысты. Спортшылар 7 салмақ дәрежесінде белдесті. Сонымен қоса, биыл жарыстың ережесіне шамалы өзгеріс енгізіліпті.

Дүбірлі додаға қазақ күресі клубтарының мүшелері еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып отыр. Әр құрамада – 7 палуаннан. Байрақты бәсекенің ережесіне биыл біраз өзгертулер енгізіліпті.

Бақдәулет Сәбитов, ҚР қазақ күресі федерациясының бас хатшысы:

– Қазақ күресінің ережесі бетпе-бет схемада өтеді. Биылғы ерекшелігіміз – бұрын клубта 8 мүшеден болса, енді 7 палуан күреседі. 1 салмақ категориясының алыну себебі тең нәтиже болмау үшін жасалған.

Сөйтіп, тартыс басталып кетті. Алғаш болып боз кілемге бас қала мен оңтүстік астанамыздың палуандары шықты. 50 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен екі жас бірі-біріне дес берер емес. Дегенмен, алматылық азаматтың асығы алшысынан түсті. Ол екі бүк ұпаймен жеңіске жетті.

Дәулет Ниетбай, жарысқа қатысушы, Алматы қаласы:

– Бұл құрамда 55 келі салмақта Төребек есімді азаматпен белдестім. Палуанды 2 де 1 есебімен ұттым. Негізі, бұл спортпен 7 жыл айналысып келемін. Қазірде Қазақстан чемпионаттын жеңіп, әлем чемпионатына жолдама алып отырмын.

Келесі болып кілемге 60 келі салмақтағы палуандар шықты. Бұл екі азаматтың осындай байрақты бәсекеде кездесуі алғаш емес. Дегенмен, Сағындық Әшім өз әдісін пайдаланып, қарсыласын жартылай жеңіспен ұтты.

Сағындық Әшім, жарысқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қарсыласым өте мықты, әлем чемпионы. Осымен 4-ші рет кездесіп тұрмын. Есеп 2-2 болған. Бүгін айламды асырып, 3-рет жеңіске жеттім.

Енді, алда 5 клубтың тартысы бар. Кімнің бағы, кімнің бабы шабары әлі белгісіз.

 

 

Актолкын Солтанханкызы