Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қыстың қамын жаз ойла

Қыстың қамын жаз ойла! Бірақ, петропавлдықтардың басым бөлігі алдағы қауырт кезеңге қамдануға асығар емес. Бүгінде шаһардағы 1 мыңнан аса көпқабатты үйдің небәрі 16-сына ғана жылыту маусымына дайындығы жөнінде құжат беріліпті. Теріскейлік тұрғындар бұл іске жауапты қарағандары жөн.

Шіліңгір шілде де артта қалды. Енді, тура 30 күннен соң тамызды да тәмамдаймыз. Сөйтіп, қыркүйекке жетіп, жылыту маусымы басталады. Былтыр күздің алғашқы айында күннің суықтығына байланысты Петропавлдағы үйлерге жылу берілгені есімізде. Биыл да солай болуы әбден мүмкін. Ал оған шаһардағы баспаналар дайын ба? Барлығында тиісті жұмыстар атқарылды ма?

Денис Возняк – “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС пайдалану қызметі бас инженерінің орынбасары :

– 2019-шы жылдың 1-ші қыркүйегіне дейін қаладағы үйлердің барлығы жылыту маусымына сақадай сай болуы керек. Алайда, әзірлік шаралары өте баяу жүргізіліп жатыр. Мысалы, бүгінгі күні Петропавлда 1068 көпқабатты баспана бар. Олардың тек 260-ында ғана жуып-шаю жұмыстары жүргізілді. Тек 16-ына қысқа дайындығы жөнінде паспорт берілді. Уақыт өте аз қалды. Тұрғындарды жедел түрде қамдануға шақырамыз.

Ал дайындалмаса не болады? Серіктестік өкілдері іске немқұрайлы қарайтын үйлерге жылу беруін береміз дейді. Бірақ, қыста дәл сол баспаналарда апат орын алу ықтималдылығы зор екенін естен шығармауды сұрайды. Яғни, құбыр жарылып, жүйе істен шығуы әбден мүмін. Оны жөндеуге уақыт, қаржы кетеді. Ақыры соңында тұрғындардың өздері зардап шегеді. Шағын баспасөз туры барысында қалалық әкімдік мамандарын да тілге тарттық. Олар қауырт маусымға мүлде әзірленбейтін үйлерді жіпке тізді.

Мадияр Жангудин – Петропавл қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Қаламыздағы кейбір 2 қабатты үйлер жылыту маусымына мүлде дайындалмайды. Сондай 130 нысан бар. Оларды әрдайым әзірленуге шақырамыз. Біздің мамандар баспаналарды аралап, хабарландыру қағаздарын таратады. Онда барлық ақпарат көрсетілген. Тіпті, жуып-жаю жұмыстарымен айналысатын компаниялар да жазылған. Бірақ, тұрғындардың қимылдайтын түрлері жоқ.

Мұндай үйлердің бірі 3-ші Кирпичный қысқа көшесі бойында орналасқан. Мұндағы 14-ші баспана жылыту маусымына жылда әзірленбейді екен. Биыл да солай. Басты себеп – тұрғындар арасында ауызбіршіліктің жоқтығында. Салдарынан тиісті шаруа атқарылмай қалады.

Ольга Белова – 3-ші Кирпичный қысқа көшесіндегі 14-үйдің үлкені:

– Тұрғындар баспананы қысқа дайындау үшін ақша жинағылары келмейді. Мұндағы адамдар қалталарынан қаржы шығармас үшін түрлі себеп айтады. Үйде 17 пәтер бар. Тиісті шаруаны атқару үшін олардың әрқайсысынан 20 мың теңгедей керек. Бірақ, қаражатты жинай алмай отырмын. Қыста жылу беру тоқтатылса, әрине қиын болады. Балалар тоңады.

Жылыту маусымына жауапты қарайтын баспана да болды. 4-я линия көшесіндегі 16-шы көпқабатты үй әзірлікті мамыр айында бастапты. Ал жақында істі аяқтап, паспорт алуға өтініш берген екен. Мұнда барлығы таза. Қажетті қондырғылар орнатылған. Құбырлар сырланған.

Бекежан Айсин – “5-я линия, 4” ПИК темір ұстасы:

– Жылыту маусымы бітті ме, бірден келесі маусымға дайындаламыз. Қазір барлығы әзір деуге болады.

Жалпы, көпқабатты үйде 430 пәтер бар. Былтыр олардың ешқайсысынан шағым түспепті. Сөз соңында қала әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишиннің пікіріне тоқталайық. Ол қала тұрғындарына қауырт маусымға белсенді түрде қамдануға шақырады. Себебі, алдағы айларда 3 күн қатарынан ауа температурасы минус 10 градусты құраса, жылу беру басталады екен.

Култанов Байболат