Ауа райы

Тамыз айына арналған ауа райы болжамы

Қысқа азық, отын дайындап, шөп шабатын уақыт жетті. Жағажайда демалып, табиғат аясында сауық құруды да жалғастыруға болады. Жазға қойылған жоспарларды орындауға бар-жоғы бір ай қалды.

Күнтізбеде – тамыздың 1-ші жұлдызы. Көзді ашып-жұмғанша жаздың екі айы да өте шықты. Алғашқысы қалалықтардың көңілін қалдырды. Ал шілде болса керісінше әбден қуантты. Ауа райы, әсіресе, демалыс үшін қолайлы болғаны белгілі. Жағажайлар күннің ыстығында сауық құруға келген теріскейліктерден босамады. Бір сөзбен айтқанда, артта қалған жаз айына өкпе жоқ.

– Немерімізбен күнделікті паркке келіп, қыдырдық. Ауа райы тамаша болды. Тіпті, қатты ыстыққа да етіміз үйрене бастады.

Тұрғындардың тамыздан да күтері мол. Жаз мезгіліне қойылған жоспарлар әлі 100 пайыз орындалмады дейді солтүстікқазақстандықтар. Сондықтан, табиғат аясындағы отбасылық демалыстарды жалғастырмақ ниетте.

Ал енді сауық құрамын деген теріскейліктердің, орманға шығып, саңырауқұлақ теріп, саяжайда көкөністерін баптаймен деген бағбандардың құлағына алтын сырға!

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РМК СҚОФ метеоболжау бөлімінің басшысы:

– Бірінші онкүндіктің бірінші жартысында ауа температурасы түнде 14-19, кей жерлерде 11 жылыдан 7-12, кей жерлерде 15 градус жылыға дейін төмендейді. Күндіз 28-33, кей жерлерде 36 градус жылыдан 20-25, кей жерлерде 17 градус жылыға дейін төмендейді. Онкүндіктің екінші жартысында түнде 10-15, кей жерлерде 20 градус жылыға, күндіз 15-30, кей жерлерде 22 жылыға дейін жоғарылайды.

Тамыздың 10-ынан кейін де көптен күткен демалысты алу кеш емес. Ауа райы екінші онкүндікте де теріскейліктерге саябақта қыдырып, жанұялық пикник жасауға мүмкіндік береді. Бұл аралықта сынап бағанасы кей жерлерде 25-30 градус жылыға дейін көтерілмек. Ал айдың 20-сына қарай 16-21 градусқа дейін төмендейді.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РМК СҚОФ метеоболжау бөлімінің басшысы:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 11-16 жылыға, күндіз 21-26, кей жерлерде 31 градус жылыға дейін жоғарылайды. Одан кейін түнде 4-9, күндіз 13-18, кей жерлерде 23 градус жылыға дейін төмендейді.

Жылы және ыстық күндерден бөлек, өңірде жауын-шашын да күтіледі. Ол әдеттегі мөлшерден сәл жоғары болмақ. Сондай-ақ, бұршақ пен тұманның болуы да ықтимал.

Эльмира Садвокасова