Қоғам

Попов көшесі жөндеуді қажет етеді

Облыс орталығындағы Попов көшесінің тұрғындары жолдың жоқтығына шағымдануда. Айтуларынша, “Қызылжар су” кәсіпорнының жұмысшылары құбырды ауыстыру кезінде жолды қопарып тастап, кейін қалпына келтірмеген. Ашынған жұрт мәселені қалалық әкімдік өкілдеріне де талай рет жеткізген. Бірақ, әлі күнге дейін көңіл қуантарлық жауап ала алмапты.

Татьяна Славецкая Попов көшесінде 52 жыл бойы тұрып келеді. 72-дегі қарияның сөзінше, мұнда осыдан 3 жыл бұрын “Қызылжар су” серіктестігі ескі құбырларды жаңасына ауыстырған екен. Кейін, бұзылған жолдарды жөндеп, теп-тегіс асфальт төсеп береміз деп уәдесін үйіп-төккен. Сол кеткелі, мол кеткен. Міне, қанша уақыт өтсе де қарасын да көрсетпеген көрінеді. Есесіне, ойдым-ойдым болып жатқан аумақтан өту сол маңның тұрғындары үшін әбден қ ынға соққан. Өйткені, қар еріп, жаңбыр жауған шақта көшелердің миы шығып кетеді екен. Содан үлкендер – жұмысына, ал балалардың оқуларына жетуі қиындай түсіпті.

Татьяна Славецкая – қала тұрғыны:

– Мұндай талай жылдан бері өмір сүріп келемін. Бұрындары көшелерде асфальт болатын. Қазір көріп тұғандарыңыздай, ойықтардан басқа ештеңе жоқ. Жылда қалалық әкімдікке барып шағымымды жеткіземін. Бірақ, олар әлі күнге дейін мардымды жауап берген жоқ. Тек өткен жылы ғана өтінішімді қарайтыны туралы қағаз жіберді.

Тұрғындар жол мәселесін шешу үшін талай жердің табылдырығын тоздырдық деп отыр. Ал “Қызылжар су” серіктестігінің қызметкерлері болса Попов көшесінде мүлдем асфальт болмағанын айтып, ағынан жарылды.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Құбырларды ауыстыру кезінде Попов көшесінде асфальт болмаған. Жоспарда да ол жайлы ештеме жазылмаған еді. Есесіне, біз бір жарым ай бұрын Попов көшесіндегі 147-ші үйдің маңына балалар ойын алаңқайын орнатып кеттік.

Қалалық әкімдік өкілдерінің айтуынша, жақын күндері бұл көшеге асфальт төселмейтін көрінеді. Бірақ, қиыршық тас төгілуі мүмкін. Оның өзін кезек келгенше күту керек.

Әсем Айтолла – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Биылғы жылы қала көшелеріне қиыршық тас төсеуге арналған бюджеттік қаржы толық игерілді. Қазіргі таңда қосымша қаражат бөлінген. Аталмыш көше кезекке қойылған. Биыл 30 жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қуанышқа орай, қазір жаз айы болғандықтан, жер құрғақ. Алайда, күн қабағын шытса, маңай тағы балшыққа айналады. Дегенмен, тұрғындардың уайымын еселей түсетін тағы бір жайт бар. Жерлестеріміздің сөзінше, кеш түсе қалса маңайда қаңғыбастар мен нашақорлар қаптайды екен. Олар есірткі заттарын қолданып, щприцтерін әткеншектердің маңына тастап кетеді. Онымен қоймай, көше бойын және үйдің артын басқа да қоқыстармен ластайтын көрінеді.

Диляра Зуева – қала тұрғыны:

– Олар мұнда отырып алып есірткі қолданады. Ал кейбіреулері ішімдікке тойып алып, балалардың ойын алаңқайындағы әткеншектерде демалып отырады. Біз ұл-қыздарымызды үйдің сыртына шығарып, ойнатуға қорқатын болдық. Өйткені, үлкендер болмаған кезде маскүнемдер оларға зиян келтіреді деп үрейленеміз.

Тұрғындар бұл мәселемен тәртіп сақшыларына жүгініпті. Олар мұнда 3 күн жүріп, ешқандай маскүнемнің жоқ екенін айтқан. Балаларға да төнетін қауіп жоқ екенін мәлімдепті.

 

Маржан Касымбек