Денсаулық сақтау

Емханаларға тіркелу цифрлық форматқа көшіріледі

Көп кешікпей емханаларға тіркелу үрдісі толықтай цифрлық форматқа көшуі тиіс. Бұл – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасы. Оның сөзінше азаматтардың бәрі емделу мекемелерін электронды-цифрлық қолтаңба арқылы, үйде отырып таңдаулары керек. Алайда, заман игіліктерінен алыс отандастарымызға, әсіресе қарт жандарға, мұның қиынға соғатыны сөзсіз.

Бүгінде медициналық мекемелер жаппай электронды форматқа көшіп жатыр. Тіпті, мекен-жай бойынша емханаға үйден шықпай-ақ, тіркелуге болады. Әрине, интернет арқылы. Керегі – тек электронды-цифрлық қолтаңба.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Электрондық қолтаңбасы бар азаматтар e.gov порталында тіркеліп, емделгісі келетін емхананы таңдай алады. Мекемеге сабылудың қажеті жоқ. Бәрі жұртшылық игілігі үшін жасалып жатыр. Бұл – жаңашылдық емес. Мұндай практика ендірілгелі біраз жыл болды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бұл аурухана-емханаларды басы артық қағазбастылықтан арылтады, әрі тұрғындардың уақытын үнемдейді. Алайда, еңгізіліп жатқан бұл жаңашылдықтар кей жандар үшін белгісіз. Оны естен шығармаған жөн.

Саят Ермек – тілші:

– Бәрі бірдей сандық технологияларды түсіне бермейді және бәрінде бірдей электронды-цифрлық қолтаңба жоқ. Мұндай азаматтар үшін тіркелудің дәстүрлі әдісі қалды. Яғни, баяғыша қолға куәлік алып, мекемеге келіп, өтініш толтыруға болады.

Болашақта бұл дәстүрлі әдіс қолданыстан толықтай шығады. Әзірге, өтініштерден бас тартуға ерте. Ал ЭЦҚ арқылы тіркелуге біртіндеп көшу жоспарланып отыр. Үрдісті тездету үшін не істеу керек? Заман игіліктерінен бейхабар азаматтарға түсіндіріп, барынша көмектесу қажет. Бұл – министрдің тапсырмасы.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Бұл мәселені болдырмау үшін әкімдіктерге тапсырма бердік. Әрбір емханада халықтың E-gov арқылы тіркелуіне көмектесетін адамның отыруын тапсырдық. Электронды-цифрлық қолтаңбаға үйреніп қалдық, дегенмен оны қолдана алмайтын қарт адамдар бар. Сондықтан, емханаға тіркелуде көмек сұрағандарға жәрдем берілуі тиіс.

Айта кеткен жөн, емделетін емхананы e.gov порталы арқылы таңдауды құп көретіндердің саны аса көп емес. Статистикаға сүйенсек, соңғы 6 айдың ішінде небәрі 8,5 мыңнан аса солтүстікқазақстандық мекемеге үйден шықпай-ақ тіркелген. Олардың үлесі жыл санап артады деп болжап отыр жергілікті денсаулық сақтау басқармасы.

Саят Ермек