Денсаулық сақтау

1-ші қалалық аурухана жаңа құрылғымен толықты

1-ші қалалық ауруханада жаңа рентген жабдығы жұмыс істеп тұр. Ол осыдан 3 апта бұрын әкелінген. Оның ескі құрылғыдан айырмашылығы санаулы минуттың ішінде рентген кескінін жасап, диагнозды тез анықтай алуында.

Бұл – АР ДИАГНОСТ-8 аппараты. Ол цифрлық жүйеде жұмыс жасайды. Аталған жабдық ауруханадағы зерттеу көлемін кеңейтіп, науқастың дертін сызықты томограф арқылы дәл анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа құрылғы қеуде қуысы мүшелерінің аурулары, сүйек-буын жүйесі, асқазан-ішек жолын зерттеумен қатар, бас сүйек ауруларын тексереді.

Бақыт Бекежанов, рентгенолог-дәрігер:

– Сандық технология сәулелік жүктемені төмендетеді. Зерттеу уақыты да аз. Бұл – сәулелік диагностиканың заманауи деңгейі. Бұған дейінгі аппараттарда цифрлық өңдеу болмаған. Рентгендік кескін жасалған соң ол цифрландырғыш құралға салынады. Кейін, компьютер арқылы оны өңдеп, басып шығарамыз. Оған шамамен 5 минуттай ғана уақыт кетеді. Суреттің сапасы да бұрынғыға қарағанда жақсы.

Қазіргі уақытқа дейін АР ДИАГНОСТ құрылғысы арқылы 30-ға жуық науқас тексерістен өтіпті. Дамир Нурметов – сол емделушілердің бірі.

Дамир Нурметов, емделуші:

– Мен ауыр атлетикамен айналысамын. Осыдан бірнеше күн бұрын кезекті жаттығу кезінде арқа жағымда бір жайсыздықты сезіндім. Дәрігер бұл жердегі аппаратта рентгенге түсуіме кеңес берді. Қазір ғана қабылдаудан шықтым. Ақ халаттылар маған остеохондроз диагнозын қойып, емделу жолын түсіндірді.

Сондай-ақ, ауруханаға су жаңа «Бронхоскоп» аппараты да әкелініпті. Ол жоғары тыныс алу жолдарын тексереді. Яғни, өкпедегі қан кетуді, ісікті анықтауға және бронхылар мен көмейдің патологиясын анықтау үшін қажет.

 

Бердимурат Баймухан