ТЖ

Қызылжар ауданының жағажайларында рейд өткізілді

Шомылу маусымы басталғалы Қызылжар ауданында 6 адам су құрбаны болды. Соңғы қайғылы жағдай 26-шы шілде күні Вознесенка селосы маңында орын алған. Онда балық аулауға шыққан 87-ші жылғы жігіт көз жұмды. Осындай қайғылы жайттардың алдын-алу мақсатында құтқарушылар кезекті рейдтік іс-шара өткізді. Мамандар жағажайларды аралап, тұрғындармен тілдесті, жадынама қағаздар таратты.

Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Байтерек ауылы. Елді мекеннің маңында Есіл өзені ағып жатыр. Жағажай да бар. Мұнда демалыста халық көп жиналады екен. Тіпті, жұмыс күндері де тынығушы жандар баршылық. Былай қарасаң шомылуға өте қолайлы жер. Орны да кең, құмы да жақсы. Бірақ, бұл маңда суға түсуге тыйым салынған. Себебі, адам өміріне қауіпті.

Жағажайға ТЖД мамандары келді. Олар демалушыларға тек рұқсат етілген жерлерде шомылу қажеттігін ескертіп, арнайы жадынама қағаздарын таратты. Бірақ, тұрғындар сақтық шараларын білеміз деп отыр.

Олеся Моор – қала тұрғыны:

– Бұл жағажай біздің отбасымызға ұнайды. Үнемі осында келіп демаламыз. Барлық ережелерді білеміз және де әрдайым сақтаймыз. Баламыз алысқа бармайды, біздің жанымызда шомылады. Әрине осындай іс-шаралардың ұйымдастырылғанын өз басым қолдаймын. Себебі, қазіргі күні өзен-көлдерге бату фактілері жиілеп кетті.

Шыныменде өңірде өзен-көлдерге бату фактілері жиілеп кетті. Мысалы, шомылу маусымы басталғалы бері бір ғана Қызылжар ауданында 6 адам судан ажал құшқан. Соңғы қайғылы жағдай шілденің 26-сы орын алыпты. Ол күні Вознесенка селосының 87-ші жылғы тұрғыны “Чистые пруды” көліне балық аулаға барады. Табиғат аясындағы сауық кезінде жігіттің қармақ бауы үзіліп кетеді. Міне, соны шығырамын деп, су айдынының ортасына дейін жүзіп барған екен. Бірақ, жағаға қайтып оралмаған. Осы сынды оқыс оқиғалардың алдын-алу үшін мамандар әрдайым рейдтік іс-шараларды жүргізіп тұрады.

Аслан Ахметжанов – Қызылжар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Шомылу маусымы кезінде рейдтік шаралар ерекше қолға алынады. Себебі, жерлестеріміз рұқсат етілмеген жерлерде суға түседі. Нәтижесінде қайғылы жайттар көп кездеседі. Бұндай оқыс оқиғаларды болдырмас үшін жағажайдағы демалушыларға қарапайым сақтық ережелерін түсіндіріміз. Сондай-ақ, қауіпсіздік амалдары жазылған жадынама қағаздар таратымыз.

Айта кетейік, СҚО суда шомылуға рұқсат етілген 58 орын бар. Соның бесеуі – Қызылжар ауданында.

Ешкенова Дана