Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірімізде республикалық маңызы бар жолдар жөнделуде

Ауыр жүк тасымалдайтын көлік иелерінің құлағына алтын сырға! 2020-шы жылдан бастап Көкшетау-Петропавл тас жолы ақылы болады. Өйткені, ірі габаритті темір тұлпарлар асфальт жабындысын тез бұзады. Ал жиналған қаражат трассаға қызмет көрсетуге жұмсалмақ. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар брифингінде “ҚазАвтоЖол” Ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев баяндады.

Басшының сөзінше, бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы шамамен мың жарым шақырымды құрайды. Олардың 14 процентінің жағдайы көңіл көншітпейді. Алайда, трассалардың күйі өткен жылдармен салыстырғанда біршама жақсарған. Сәйкесінше, жол-көлік апаттарының саны 2 есеге қысқарыпты. Ал биыл республикалық жолдарды жөндеуге ел қазынасынан қомақты қаражат – 15 млрд теңге бағытталып отыр. Қазір өңір бойынша 2 көпір мен сонша өткізу пункті қалыпқа келітірлеуде. Бұдан бөлек, Петропавл-Қорған тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болатбек Айтбаев аталған учаскелерде атқарылып жатқан шаруа барысын да тілге тиек етті.

Болатбек Айтабев – “ҚазАвтоЖол” ҰҚ” АҚ СҚО филиалының директоры:

 – Петропавл мен Қорған қалаларын байланыстыратын тас жол келесі жылы қолданысқа беріледі. Бұл трасса да жүк көліктері үшін ақылы болады. Тағы, «Алматы-Екатеринбург» автожолының бойында, нақтырақ айтсақ, Ақан-Бұрлық және Жембарақ өзендерінде орналасқан екі көпірді күрделі жөндеп жатырмыз. Мұндағы жұмыстар аяқталуға жақын.