Ауыл шаруашылығы

Балымыз шетелге экспортталмақ

Өңірде бал жинау науқаны қызған! Биыл жергілікті “Пасека Қызылжар” серіктестігі 10 тонна денсаулыққа пайдалы тәтті жинауды жоспарлап отыр. Табиғи таза өнімге қызығушылар өте көп. Тіпті, теріскейлік тауарға алыс-жақын шетелдерден де сұраныс түсіпті.

Ақтолқын Солтанханқызы-тілші:

 – Ауа-райы тамаша. Мұндай жағдайда омарташылар араларды алқаптарға әкеліп жаяды. Мысалы, өңірімізге танымал бал өндіруші Олег Гаврилов, Қызылжар ауданына қарасты Боголюбово селосының маңына тоқтапты. Олай болмса маманмен кеңесіп, жұмысымен танысайық.

Олег Гаврилов әр жыл сайын бал өндіру маусымын мамыр айында бастайды екен. Ол қарамағындағы мамандармен бірге араларды алдымен саяжайға апарады. Онда жәндіктерді енді бүр жарған ағаштарға жаяды. Кейін, алқапқа шығады. Далада аралар түйежоңышқа мен эспарценттен өнім жинайды. Ал қазір аралар түймежапыраққа көшкен. Омарташының бұл маңға келгеніне 1 апта ғана болыпты.

Олег Гаврилов, «Пасека Қызылжар» ЖШС директоры:

– Түймежапырақ – өте құнарлы өсімдік. Оның 1 гектар жерінен біз 300 келіге жуық бал аламыз. Бұл жақсы көрсеткіш. Өнім көлемін одан әрі арттыру үшін былтыр 30 гектар жерге дәл осы гүл түрін ектік. Істі әлі де жалғастырамыз. Яғни, басқа да аудандарға түймежапырақ тұқымын егпекшіміз.

Серіктестік өкілдері бүгінгі күнге дейін біраз бал жинапты. Мысалы, олар эспарценттен 3 тонна өнім алған. Енді 2-3 аптадан кейін түймежапырақтанда да әжептәуір тәтті жиналмақ. Осылайша көрсеткішті 10 тонна жеткізу көзделіп отыр. Олег Гавриловтың жоспары ауқымды. Маман алдағы уақытта Украина мен Германиядан карник, карпатка сынды асыл тұқымды араларды әкелмекші. Олар өңірімізде көбейеді. Кейін, қыстауға Шымкентке жіберіледі.

Серіктестік материалдық-техникалық базасын да жаңартып тұрады. Мәселен, биыл жаңа тіркеме алыпты. Ол бұрынғысына қарағанда мол пайда әкеледі.

Олег Гаврилов, «Пасека Қызылжар» ЖШС директоры:

 – Бұл жүйе өте ыңғайлы. Ұя сандары көп, әрі үлкен. Бұрынғы тіркемедегі 1 ұя 50 келі бал беретін. Ал мына жерден біз 100 кг тәтті жинай аламыз. Оған қоса – жеңіл. Бір орыннан екінші жерге оңай жетеміз. Кез-келген көлікке тіркеп жүре беруге болады.

Серіктестіктің өніміне қызығушылар өте көп. Тіпті, пайдалы тәттігі Қытай, Жапония және Біріккен Араб Әмірлігінен сұраныс түсті. Олег Гаврилов биыл сәті түссе осы елдерге бал экспорттауды жоспарлап қойыпты.

Актолкын Солтанханкызы