Құқық қорғау органдары

Арнайы жасақ жеткіншектерді қабылдады

Өңірлік полиция департаментіндегі жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлеріне «Жас Арлан» әскери-патриоттық клубының жеткіншектері қонаққа барды. Балаларға тепсе темір үзетін тәртіп сақшылары өз мамандықтары жайлы айтты, қару-жарақтарымен таныстырды.

“Динамо” стадионына жиылған бұл 50-ден астам жеткіншекті ауқымды бағдарлама күтіп тұр. Жедел әрекет ету арнайы жасағының сарбаздары оларды өздерінің жауапты әрі аса қауіпті қыметімен танытыруда. Қарумен жасалған түрлі жаттығуларды балалар ерекше қызығушылықпен тамашалады.

– Олар қарудан оқ атты, автоматтарды қолдарына алып, көздің жауын алатын жаттығулар жасады, тіпті көлік ішіндегі қылмыскерді қалай ұстайтындарын көрсетті. Маған бәрі ұнап жатыр.

– Олар көрсеткен жаттығулар ұнады. Олар өте мықты.

Жедел әрекет ету арнайы жасағы – элиталық полиция бөлімшесі. Сондықтан, бұл жігіттердің теориялық және физикалық дайындықтары бірдей мықты болуы тиіс. “Жас арлан” тәрбиеленушілері тәртіп сақшылары шынығатын спортзалда, дәріс алатын сыныпта болды. Тіпті, сан алуан спорттық марапаттар жайғасқан қабырғаны да тамашалады.

Ерлан Базарбаев – СҚО ПД жедел әрекет ету арнайы жасағының аға инспекторы:

– Өз жұмысымыздың қызығы мен қиыншылықтарын барынша көрсетуге тырыстық.Осылайша, әр баланың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруды көздедік. Күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтайтын полицейдің қызметі ауыр. Жеткіншектер мұны білуі тиіс.

Бұл күн балақайлардың жадында ұзаққа сақталады деп сенеді жасақ жігіттері. Экскурсия арқылы олар ұл-қыздардың бойында полицей мамандығына деген қызығушылықты арттырмақ ниетте. Ал алғашқы дайындықты жеткіншектер “Жас Арлан” клубында алып жүр.

Эрик Тәттібаев – «Жас Арлан» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Біз өткен жылы ғана ашылдық. Бүгінде 100-ден астам тәрбиеленушілеріміз бар. Балаларды алғашқы әскери дайындыққа, физикалық шымырлыққа баулимыз. Сондай-ақ өзін-өзі қорғауға үйретеміз.

Әскери патриоттық клубта өрендер тегін шынығады екен. Басты талап – денсаулықта ақаудың болмауы.

 

 

 

Саят Ермек