Қоғам

Қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілуі мүмкін

Қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бүгін облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында шаһардағы құрылыс жұмыстары қызу талқыланды. Шараға қатысқандар көпқабатты үй маңдарында көлік тұрақтарының жоқтығы сынды өзекті мәселені көтерді.

Береке, Жас өркен, Шығыс, Қопай, Юбилейный және тағы да басқалары. Бұл – бүгінде қаламызда құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқан ықшам аудандар. Кейбірінде алдымен еңкіш тартқан үйлер сүріліп, орындарына заманауи нысандар тұрғызылуда. Қалғандарында бұндай шаруа бос аумақтарда өткізіліп жатыр. Биыл шаһарда 11 көпқабатты баспана көтерілуде. Олардың үшеуі – жалдамалы болса, қалғандары несиелік үйлер. Тағы Солнечный кентінде 128 тұрғын жайдың құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта су жаңа білім ошақтарының да қолданысқа берілетіні мәлім. Қаладағы ауқымды шаралар бірнеше рет жиындарда көтеріліп, талқыға салынды. Енді проблемаларға келер болсақ.

Серікжан Шитканов – СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Тұрғындар тарапынан баспанаға деген сұраныс өте жоғары. Біз оны салып береміз дейміз. Бірақ, инженерлік желілерді барлық үйлерге тарту мүмкін емес. Тораптардың қауқары жетпейді. Сондықтан, оларды қалыпқа келтіріп, жаңғырту қажет.

Шыныменде соңғы жылдары баспаналардың саны артуда. Ал енді көзіміз үйреніп қалғандай 5 немесе 9 қабатты емес, 17 қабатты үйлер де тұрғызылатын болады. Қоғамдық кеңес мүшесі Сергей Калининнің сөзінше, біздің шаһар үшін тым биік нысандарды салудың қажеті шамалы.

Сергей Калинин – облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Петропавлда мұндай биік үйлерді тұрғызу қаншалықты қажет? Бұрындары бұндай бастамалар құпталмайтын. Бос орын деген жететін. Шаһарды кеңейтуге мүмкіндік бар.

Қалалық құрылыс бөлім басшысының сөзінше, бұл қажеттіліктен туындаған бастама. Себебі, дәл бүгінгі күні шаһарда бос учаске жоқ. Тек үйлерді сүріп қана, баспана мен түрлі нысандарды салуға болады екен. Бұл – бір. Екіншіден, облыс әкімі айтқандай Петропавл шағын бірақ нысандары жақын орналасқан қала болуы қажет. Сондықтан, әрбір аумақ тиімді пайдаланбақ. Бұл жерде қоғамдық кеңестің мүшесі Юрий Наумочкин тағы бір проблемаға назарды аудартты.

Юрий Наумочкин – облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Қазір сізді жобаларыңызды көріп отырмыз. Биік-биік үйлер көп. Ал, енді сұрақ мынадай? Көліктерін қалалықтар қайда қояды? Партизан мен Жабаев көшелерінің қиылысында су жаңа тұрғын үй кешені салынды. Жолшыбай өтіп бара жатқанда ылғи көремін, темір тұлпарлар деген толып тұр. Шаһардың шеткері аудандарындағы аумақтарды асфальттап, машиналарды қоюға болады. Ал, орталықта ше? Жерасты паркингін салу қалта қағатыны белгілі. 17 қабатты үйлердің тұрғызасыздар, ал олардың тұрғындары сонда не істейді?

Қайрола Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Бір кварталда тек бір көпқабатты үйді салатын боламыз. Құрылыс жоспарын жасағанда жобалаушылар бұның барлығын назарға алада. Сондықтан, баспананың қасында балалар алаңқайына да, тұраққа да орын ескеріледі.

Қала құрылысының бас жоспары әлі бекітілмеген. Сондықтан, қоғамдық кеңес мүшелерінің ұсыныстары міндетті түрде қарастырылатын болады.

 

 

Эльмира Садвокасова