Қоғам

“Adal business” диалог алаңы өтті

“Adal business”! Бүгін Петропавлда дәл осындай атаумен диалог алаңы өтті. Оған инвесторлар, кәсіпкерлер палатасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жергілікті департаментінің өкілдері қатысты. Жиында іскер жандардың санын көбейту, оларға қолдау көрсету және жемқорлықтың алдын жайын талқылады.

Елімізде кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Себебі, оған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мығым. Мысалы, бүгінгі күні үкімет іскер жандар үшін түрлі жеңілдік ұсынып отыр. Қауіпсіздік шаралары да ескерілген. Әсіресе, бизнес пен инвестицияны жемқорлықтан қорғау мықтап қолға алынған.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысы:

– Экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі кәсіпкерлікті дамыту. Кәсіпкерлер өзінің икемділігін, ұтқырлығын, нарықтық обьективтілігін инновациялық экономикада өз орнын жедел іздестіру үшін пайдалануы тиіс. Мемлекет, өз кезегінде кәсіпкерлік ортаның бастамаларын іске асыру үшін қолайлы бизнес климат жасайды.

Қолайлы бизнес климат қалай жасалады? Қазіргі таңда елімізде «Бизнес пен инвестицияны қорғау» жобасы жұмыс істейді. Аталған бағдарлама теріскейлік іскер жандар мен шетелдік инвесторларды сүйемелдеуге арналған. Яғни, оларда қандай да бір өзекті мәселе орын алса, көмек көрсетуге бағытталған.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары:

– Бұл бағытта 51 инвестормен 136 млрд теңгенің келісім шарты жасалған. Бизнес өкілдерінің мәселелерін тыңдап, оларды шешуге көмектесеміз.

Жиында бизнес пен инвестицияны қорғаудан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, парақорлық фактілері, әкімшілік кедергілерді жою сынды тақырыптар да қаузалды. Тағы, бірқатар тың жобалар мен компаниялар сөз болды. Олардың атқаратын қызметтері де таныстырылды

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– «Kazakh Invest» республикалық және өңірлік деңгейдегі құрылым. Ол шетелдік инвесторларды тартады және олармен жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, шикізаттық емес экспортты дамыту және жылжыту жүйесінің ұлттық операторы. Оған қоса өңірде “Protecting Business and Investments” жобасы да жандандырылып жатыр. Аталған жаңашылдық бизнес пен инвестицияны сыбайлас жемқорлықтан қорғау үшін жүзеге асырылады.

Жалпы, «Adal business» атты диалог алаңына 80-нен астам адам қатысты. Келгендер білікті мамандарға өздерін толғандырған сұрақтар қойып, тұщымды жауап ала алды.

Маржан Касымбек