Қоғам

СҚО-да әлеуметтік жобалар байқауы бастау алды

Қоғамды толғандырған мәселелерді шешу. Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жобалардың байқауы бастау алды. Оған кез-келген жерлесіміз қатыса алады. Бастысы, бұқараға пайдасы тиерлік игі бастама болуы тиіс. Үздік идея авторлары өз жұмыстарын сәтті қорғаса, жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болмақ.

Осыдан бір жыл бұрын темір тұлпар тізгіндеу мүмкіндігі шектеулі көптеген солтүстікқазақстандықтың тек арманы еді. Бұл арман бүгінде орындалып отыр. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жерлестеріміз көптен қалмай жүргізуші куәлігін ала алады. Бәрі “Равная дорога” автомектебінің арқасында. Жарым жандарға арналған Қазақстандағы алғашқы оқыту орнын жуырда Сәлімхан Сәбитов ашты. Осылайша ол мүгедектерге көлік жүргізудің қыр-сырын үйретіп, рөлге отыру мүмкіндігін сыйлады. Сөзінше, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысу, оны дамыту керек.

Сәлімхан Сәбитов – “Равная дорога” автомектебінің директоры:

– Көптеген мәселелерді шешуге болады. Көбі ақша керек деп ойлады, бірақ негізінде, әлеуметтік жобаларды бастаған кезде, көп қаржының керегі жоқ. Сондықтан, әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл өте тиімді.

Сәлімхан сияқты белсенді жерлестеріміздің саны көбейсе, қоғамды толғандырған қаншама түйткіл шешімін табар еді. Сондықтан, өңірлік жастар мәслихаты идеясы бар жандарды қолдауға әзір. Тіпті, оларға арнап әлеуметтік жобалардың байқауы жарияланып отыр. Экология, цифрландыру және ерекше балғындарға инклюзивті білім беру. Осы үш бағытта өз жобасын жүзеге асырамын дейтін кез-келген теріскейлік конкурсқа қатыса алады. Уақыт шектеулі. Өтініштер тамыздың 4-іне дейін ғана қабылданады.

Виталий Шеминг – облыстық жастар мәслихатының төрағасы:

– Байқауға қатысу үшін арнайы сауалнама парағын толтыру қажет. Сондай-ақ, жобаның мағынасын ашатын, пайдасын көпшілікке паш ететін шағын презентация әзірлеу керек. Кейін қатысушы оны қазылар алдында қорғайды. Өтініштерді “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының ғимаратында қабылдаймыз. Үздік деген 5 жоба тамыздың 15-16-сы күндері өтетін өңірлік “Асар” форумында марапатталады. Байқаудың жүлде қоры – жарты миллион теңге.

Айта кетейік, бұл – облыстық кезең. Өңірлік байқауда топ жарған, қоғам үшін пайдасы зор үздік жобалардың авторлары тамыздың 26-сы елордаға аттанбақ. Олар республикалық “Асар” форумына қатысады. Ат салысып қана қоймай, игі идеяларын жүзеге асыру үшін қаражат табуға талпынатын болады. Өйткені, оларға жобаларын отандық меценаттардың алдында қорғау мүмкіндігі тумақ.

 

Саят Ермек