Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қала әкімі жарты жылды қорытындылады

Қоғамдық көлік паркі көп ұзамай жаңартылады, жолақыны смартфон арқылы төлеу мүмкін болады. Ал шаһарлықтар жиі шағымданатын Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің жұмысы енді жіті қадағаланбақ. Бұл жайлы Петропавл әкімі Болат Жұмабеков қалалық мәслихаттың 34-ші съезінде айтты. Шаһар активінің алдында есеп берген басшы облыс орталығының соңғы 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады.

Баяндамасын Болат Жұмабеков жалпы сандардан бастады. Өнеркәсіп, құрылыс, кәсіпкерлікте алға жылжу бар. Маңызды деген басқа да салаларда шаһар ілгері басып келеді. Бірақ, өзекті тұрған мәселе – петропавлдықтарды баспанамен қамту. Бұл бағытта не істелді, не істеледі?

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Бүгінде 3 жалдамалы, ал 8 ипотекалық тұрғын үй салынып жатыр. Шілдеден бастап көпбалалы, аз қамтылған не толық емес жанұялар үшін “Бақытты отбасы” бағдарламасы жұмыс істейді. Олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен ипотека рәсімдей алады. Жалпы, жыл аяғына дейін 11 баспана салынады. 1300-дей пәтер қолданысқа беріледі.

Әкім қаланы абаттандыру мәселесін де айналып өтпеді. Сөз жоқ, соңғы бірер жылда Петропавл өзгерді. Біріншіден, мыңнан аса ескі терек кесіліп, орнына 3 мыңдай қарағай көшеті егілді. Екіншіден, 13 мың шаршы метр аумаққа газон төселді. Үшіншіден, 32 көпқабатты үйдің қасбеті сырланып, 7 баспананың сыртына түнде жарқырайтын шамдар орнатылды. Бірақ, өзекті деген мәселелер де баршылық. Мысалы, бүгінде кейбір аулалардың жағдайы көңіл көншітпейді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Абаттандырылмаған аулалар жетерлік. Мәселені шама-шарқымызша шешіп жатырмыз. Жыл басынан бері 35 аулаға асфальт төседік. Жоспар – 60 болған. Бірақ оны орындай алмадық. Себебі, қаржы бөлуде нақтылық жетіспеді. Сондықтан, ақша кей аулаларға жетпей қалды. Келесі жылдан бастап алдымен абаттандырылатын аумақтардың тізімін жасап алып қана қаражат бөлетін боламыз. Ал балалар және спорт алаңқайларын орнатуға жыл соңына дейін 200 млн теңге жұмсалады.

Қалаішілік жолдарды жөндеуге де жыл сайын миллиондап ақша бөлінеді. Мәселен, 6 ай ішінде Жұмысшы, Заречный және Солнечный кенттері мен Береке ықшам ауданындағы 30 көшеге қиыршық тас төселіпті. Ал асфальттің жайы бөлек. Құйған қаражат көп жағдайда өзін ақтамай, жол жабындысының бүліну фактілері жоқ емес, бар. Болат Жұмабеков бұған шаһар бойынша суағарлардың жоқтығы себеп дейді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Жаңбыр, қар суларын ағызу жүйесін қалыпқа келтірмейінше, жол жөндеуге бөлінген ақша да далаға кететін болады. Өйткені су асфальтті құртады. Ал суағарларды жасау бір күннің, тіпті бір жылдың жұмысы емес. Қазір құжат әзірленіп жатыр. Жобаны алдағы бірер жылда жүзеге асырамыз.

Баяғы жартас, сол жартас, қоғамдық көліктің мүшкіл жағдайының жайын да түсіндірді Болат Жұмабеков. Сөзінше, тасымалдаушыларды автобус паркін жаңартуға атқарушы билік көндіріп-ақ жатыр. Жыл басынан бері шаһар жолдарына ондаған жаңа қоғамдық көлік шыққан. Ал ескілерінің жағдайымен Петропавл басшысы жеке өзім танысам деп уәде берді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Әрбір маршрут бойынша жүріп өтуді жоспарлап отырмын. Дәл сол жерде жұртшылықпен тілдесіп, мәселені талқылап, ұсыныс-шағымдарын таңдайтын боламын. Ескі көліктер көп, ал кейбір тасымалдаушылар жалдамалы автобустармен жолға шығады екен. Осыдан, қызмет сапасы да төмен. Жаңа көліктерді сатып алу бойынша келіссөздерді белсенді жүргізіп жатырмыз. Кей кәсіпкерлермен ымыраға келдік.

Әкімнің берген тағы бір уәдесі мынадай: қоғамдық көліктегі электрондық билет жүйесі көп ұзамай Петропавлға да келеді. Егер жоспар іске асса, жолақыны смартфон арқылы төлеу мүмкін болады деп сендірді ол. Тағы бір өзекті мәселе қала басшысының жеке қадағалауында екен. Болат Жұмабеков жуырда ғана төселген жаңа асфальтті бұзып, құбыр ауыстыратын, кейін қазған жерінің ойран-ботқасын шығарып кететін компанияларды жазалау қолға алынады деді. Азаматтар тарапынан ТҮКШ бойынша шағым аса көп түседі. Бұл дәстүрге айналып бара жатқан сыңайлы. Сондықтан, бұдан былай жауапты бөлімінің жұмысын қатаң бақылауға аламын деді әкім.

Саят Ермек