Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жуков көшесіндегі гараждар басқа жерге көшірілмек

2 жұма ішінде Жуков көшесінде орналасқан гараждар басқа жерге көшірілмек. Бұған тұрғындар қарсылық танытып отыр. Олар мәселені қалалық әкімдікке жеткізген. Бүгін шаһар басшылығы әріптестеріме сұхбат беріп, проблеманың қос тарапқа да тиімді шешілетіндігін хабарлады.

Бұл – Жуков көшесіндегі тұрғындарының жан айқайы. Шілденің екінші онкүндігінде жерлестерімізге үй маңында орналасқан гараждарын көшіру керектігі туралы хабар келеді. Мұндай жаңалық теріскейліктерді таң қалдырыпты.

Полина Костенко, қала тұрғыны:

 – Әкімдіктен келген қағазда гаражды басқа көшеге көшіру керектігі жазылған. Нақтырақ айтсам, біз 2 жұманың ішінде өз қаражатымызға көлік қоятын орындарды Промышленный көшесі бойына апарып, қою қажет екенбіз. Олай жасағымыз келмейді. Себебі, гараждарымыз осы жерде 20 жылдан бері тұрды. Үйреніп кеттік.

Шынымен де бұл өзгеріс тұрғындарға қолайсыздық туғызары сөзсіз. Өйткені, қазір гараждар қауіпсіз жерде тұр. Ал Промышленный көшесі Жуковтан алыс, әрі қаңғыбастардың мекені.

Иван Савенков, қала тұрғыны:

– Бұрындары Ленина зауытының арт жағында гаражым болған. Оны бәз біреулер бұзып кетті. Ал мына жерде ешқандай жағдай орын алмады. Бұл аудан тұрғындарын да жақсы білемін. Араласып тұрамыз.

Бұл мәселені тұрғындар әлеуметтік желілерде жариялайды. Тіпті, қалалық әкімдікке жүгінеді. Мақсат – гараждарды Жуковтан Промышленный көшесіне көшірудің себебін анықтау. Соныңда жергілікті билік өкілдерінен жауап алады.

Қайрола Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Көшенің бұл бөлігінде электр желілерінің қауіпсіздік ережелері бойынша ешқандай ғимараттар болмауы тиіс. Сол себепті, гараждардың орнын ауыстыру туралы шешім қабыладық. Тұрғындардың шағымы бізге жетті. Енді, көлік орындары Промышленный емес, Жуков көшесінен алыс емес жерге көшіріледі. Оған біз көмек көрсетеміз.

Ал, гараждар орналасқан Жуков көшесі бойына көшет егіп, жол төсеу жоспарланған.

Актолкын Солтанханкызы