Қоғам

Жазасын өтеушілер Абай өлеңдерін жатқа оқыды

Бүгін өңірдегі барлық түзету мекемелерінде ерекше іс шара өтті. Жазасын өтеп жатқан жандар алғаш рет ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқып, өзара сынға түсті. Кеш тау тұлғамыздың 175 жылдығына орай ұйымдастырылды.

“Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап” – Абай Құнанбаевтың мағынасы тереңде жатқан көп туындыларының бірі. Сахнада – жазасын өтеуші Данияр Рахимов. Есірткі сатып, 7 жылға темір торға тоғытылған ол тура жолды поэзиядан тауыпты. Оның ішінде ұлы ақынның шығармаларына деген азаматтың көзқарасы ерекше екен.

Данияр Рахимов – ЕС -164/3 түзету мекемесінде жазасын өтеуші:

– Абай атамыздың ой-толғаулары, нақыл сөздері, мақтаншақтықтан безу және де адамзат баласының ғұмырының қысқалығы, махаббат, достық, жастық шақтың азғантай уақыт ішінде өтіп кететіндігі туралы келешек ұрпаққа деген өсиетінен үзінді бар. Ол кісінің шығармашылығымен мектеп табалдырығынан бері таныспыз.

Тау тұлға туындыларының табынушылары түзету мекемесінде баршылық. Абай оқуларына 13 жазасын өтеуші қатысуда. Сотталғандар, әрине, ыңғайсыданды, толқыды. Бірақ сахнаға шығып, ақынның “Жаз”, “Ғылым таппай мақтанба” сынды өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп тұрып оқып берді.

Қазақша ма, орысша аударма ма, маңызды емес. Мұндағы басты мақсат – Абай шығармаларындағы ғибрат арқылы, теріс жолға түскен жандарды түзету. Мекемеде бұл үшін жағдай жасалмайды емес, жасалады.

Рүстем Рахметов – ЕС-164/3 түзету мекемесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:

– Мекемнің қітапханасы бар. Мұнда 8 мыңға жуық әдеби оқулықтар бар. Мекеме бастығымен бекітілген кесте бойынша кітапханаға барлық сотталғандар өз еріктерімен барып отырады. Күніне екі рет, екі сағаттан барады.

Абай оқулары түзету мекемелерінде бұрын соңды өткізілмеген. Бұл – тұсаукесер десек болады. Ең бастысы, мұндай шаралар Солтүстік Қазақстандағы 5 мекеменің бәрінде ұйымдастырылды. Оған ұзын саны 50-ге жуық жазасын өтеуші жан қатысқан.

 

 

 

Саят Ермек