Қоғам

Жас сарбаздар ант қабылдады

Қазақстан Республикасына қызмет етемін! Сенбі күні қаламыздағы 6637 әскери бөлімінің 200-ден аса жас сарбазы ант қабылдады. Олар Петропавлға Отан алдындағы борышын өтеу үшін еліміздің 4 облысынан келіпті. Салтанатты шараға жауынгерлердің ата-аналары мен жақындары да қатысты.

Бүгін қаз-қатар сап түзеп тұрған мына сарбаздар үшін өте маңызды күн. Өйткені, олар санаулы минуттардан соң ант қабылдап, әскер қатарына ресми түрде қосылады.

Жауынгерлердің бойын мақтаныш пен толғаныс қатар билеп тұрғандай. Олар енді сертіне адал болып, ел тыныштығын сақтауға үлес қосуы тиіс. Мұны жігіттер жақсы біледі. Сарбаздар 1 айдың ішінде Петропавлға үйреніп те қалыпты.

Аян Қалқаман- ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Мен Қарағанды облысы, Қарағанды қаласынан келдім. Өзімді осы әскери бөлімде өте жақсы сезінемін. 55 Әр күніміз қызықты өтеді. Мұнда жаңа достар таптым.

Ұлдарының ант қабылдау рәсімін көруге ата-аналар қауымы көп жиылды. Олар әскер қатарына алынған бауыр еті балаларын қолдау үшін алыстан ат терлетіп келген.

Жанна Жайлыбаева:

– Алматы облысына қарасты Талғар ауданынан келіп тұрмыз. 56 Отан алдындағы борышты өтеу міндетті деп ойлаймын. Абыроймен өтеп келеді деп сенемін. Үмітімізді ақтап, еліне адал қызмет ететініне сенемін.

Қарағанды, Алматы, Түркістан, Қостанай. Сарбаздардың басым бөлігі осы 4 облыстан шақыртылған. Жігіттерге жауапты міндет жүктеліп отыр. Олар түзету мекемесін күзетуі тиіс. Тағы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етулері керек.

Нұрбол Миртаев- ҚР ҰҰ «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары:

– 2 аптадан кейін тәртіпті сақтау үшін Петропавл қаласының көшелеріне шығады. Олардың ең бірінші міндеті – қалада қылмысты жасатпау. Екіншіден азаматтарға көмек көрсету. Бейбіт өмірімізді жалғастырып, ішкі қауіпсіздікті сақтау.

Жалпы, бүгін 6637 әскери бөлімінің 200-ден аса жауынгері ант қабылдады.

Маржан Касымбек