Станислав Алерттің жеке көрмесі өтті | МТРК

Станислав Алерттің жеке көрмесі өтті

Мәдениет

10:27 30 Шілде 2019

Заманауи бейнелеу өнері жанрының жарқын үлгілері. Петропавлда солтүстікқазақстандық талант иесі Станислав Алерттің жеке көрмесі өтті. Шығармашыл жан шаһарлықтарға өзінің 30-ға жуық туындысын ұсынды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің сыртында заманауи музыка ойнап тұр. Ұйымдастырылған көрмеге жастар жағы көптеп жиналыпты. Дені жерлесіміз Станислав Алерттің шығармашылығымен жақсы таныс. Сегіз қырлы-бір сырлы жігіт бүгінде тек теріскейге ғана емес, күллі Қазақстанға танымал. Ол, би де билейді, сурет те салады. Соңғысының жемісі – міне. Түрлі стиль мен жанрда салынған – 30-ға жуық туынды. Тәуліктің 24 сағатының бір минутын да босқа өткізбейтін Станислав жұмыстардың барлығын жарты жылдың ішінде әзірлепті.

Станислав Алерт – суретші:

– Ең сүйікті туындым – менің төртаяқты досымның суреті. Басқа қалада болғанда, үйді, шаһарды сағына бастадым. Сонда, көз алдыма бірден доберман елестеді. Қолыма бояуларды алып, итті бейнеледім. Жалпы жеке көрмемді ұйымдастырғаныма өте қуаныштымын. Мұнда мені және шығармашылығымды әрдайым қолдайтын жандар келіп отыр.

Станиславтың шығармашылық жолындағы ең бірінші қолдаушысы әрі тілеушісі – ол анасы Маргарита Алерт.

Маргарита Алерт – С.Алерттің анасы:

– Ұлым кішкентайынан сурет салуға жақын болды. Бірақ, туындыларын бізге көрсетпейтін. Бұл қырын ол уақыт өте келе дамытты. Әсіресе, денсаулығына байланысты, үйде ем алып жатқанда қолына бояуларды алып, туындыларды дүниеге әкелді. Менің бір байқағаным – оның ойынан, жан дүниесінен шыққан жұмыстар, тапсырыс бойынша салатын суреттерден ерекше әсерлі болады.

Шынымен де, ілулі тұрған суреттердің барлығы – ерекше. Оны байқамау мүмкін емес дейді келгендер.

– Мұнда адамдардың да, жануарлардың да суреттері ілінген. Әрбіреуі үлкен мағынаға толы. Ерекше әсер алдым.

– Көрме ұнап жатыр. Бұл шаһарымыз үшін өнердің жаңа бағыты деп білемін. Әсіресе, бүлдіршін бейнеленген туындыны жаныма жақын тарттым.

 

Эльмира Садвокасова