Денсаулық сақтау

Өңірге омбылық дәрігерлер келді

Жүктілікті міндетті түрде жоспарлау қажет! Яғни, бала көтеруге алдын ала дайындалу керек! Сонда өмір есігін ашатын сәбидің дені сау болады. Мұны өңірімізге арнайы келген омбылық дәрігерлер айтты. Олар екі күні бойы жергілікті мамандармен кездесіп, білген-түйгендерімен бөлісті.

Шаңырақ көтерген әр ерлі-зайыпты сәби сүюді армандайды. Бірақ, өмірге перзент әкелмес бұрын болашақ ана мен әкеге дайындықтан өту керек. Себебі, нәрестенің дені сау болып туылуына ата-ананның өзі себепші. Мамандардың кеңесі бойынша жүктілікті 3 ай бұрын жоспарлау қажет екен. Бұны бірі білсе, екіншісі біле бермейді. Ол анық нәрсе. Осы орайда Омбы қаласынан келген ақ халаттылар теріскейлік дәрігерлермен тәжирбие алмасып, өздерінің кеңестерін беріп, конференция өткізуді жөн көрген. Мұнын өз себебі бар. Ресейліктердің айтуынша петропавлдық жас отбасылар олардың көмегіне көптеп жүгінеді.

Наталья Чернова – “Евромед” заманауи медицинаның көпбейінді орталығы бөлімшесінің меңгерушісі, акушер-гинеколог, Омбы қаласы:

– Біз Петропавлға бірінші рет келдік. Ал сіздерден біздің орталыққа пациенттер жиі келіп жатады. Сол себепті әріптестеріммен бірге келісе отыра, осындағы мамандармен тәжірбие алмасайық деп шештік. Шараға СҚО-ның акушер-гинеколог дәрігерлер шақырылды.

Жалпы, Омбы қаласында орналасқан “Евромед” заманауи медицинаның көпбейінді орталығы 2007 жылы құрылған. Ондағы мамандар “Экстракорпоралдық ұрықтандыру”, “Жатырішілік инсеминация”, “Эко плюс Икси” және “Пикси” бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Міне осылардың көмегімен ақхалатты абзал жандар ұзақ уақыт бойы сәби сүйе алмай жүрген жұптарға бақыт сыйлауда.

Наталья Чернова – “Евромед” заманауи медицинаның көпбейінді орталығы бөлімшесінің меңгерушісі, акушер-гинеколог, Омбы қаласы:

– Егер жұбайлар ата-ана атануға шешім қабылдаса, онда олар өмірлерінің ең жауапты кезеңіне мұқият дайындалуы керек. Әзірлік екі бағытта жүргізіледі. Біріншіден, жүктілікке ағза дайын болуы шарт. Екіншіден, психологиялық тұрғыда әзір болу қажет. Айта кетейін, жүктіліктің дұрыс жоспарлануы дені сау баланы тууға мүмкіндік береді. Сондықтан жастар болашақты алдын-ала ойлағандары жөн.

Конференцияға жиылған теріскейлік мамандар көршілес елден келген әріптестерінің баяндамаларын мұқият тыңдауда. “Себебі тәжірибе алмасу – шеберлікті шыңдайды”, – дейді Татьяна Иращук. Жерлесіміз өзі № 2 қалалық емханада акушер болып жұмыс істейді екен. Бүгінгі жиында ол өзінің жұмысына қатысты көптеген жаңашылдықтарды білгенін айтады.

Татьяна Иращук – № 2 қалалық емхананың акушер-гинеколог дәрігері:

– Конференцияны басынан аяғына дейін мұқият тыңдадым. Себебі, өте қызықты болды. Бірқатар ерекшеліктерді білдім. Мәселен, біздің хаттамалар Ресейдегі мамандардыкімен салыстырғанда сәл өзгеше екен. Барлық естігенімді қағазға түсіріп алдым. Ертен жұмысқа барғанда әріптестерім мен пациенттерге айтып беремін.

Жалпы, конференцияға теріскейлік 20-ға жуық дәрігер қатысты.

Ешкенова Дана