Қоғам

Өңірде “Бірге-Таза Қазақстан” акциясы бастау алды

“Бірге-Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы біздің өңірде де жалғасын тапты. Сенбі күні 200-ден аса теріскейлік Пестрое көлі жағалауын күл-қоқыстан тазартты. Аудандардағы белсенді жандар да қалыс қалмады. Олар да ат салысып, өз үлестерін қосты. Нәтижесінде жерлестеріміз 126 тонна қалдық жинады.

Бұл маңға шаһар аумағын күл-қоқыстан тазартамыз деген жандар келіп отыр. Теріскейліктердің арасында облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев пен қала басшысы Болат Жұмабеков те бар. Олар жиналғандарға игі бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Руслан Әлішев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Біз Петропавл әсем қалалардың бірі екенін естен шығармауымыз қажет. Дегенмен, шаһарды әрмен қарай көркейтуге тиіспіз. Оны мына экологиялық акция арқылы жасауға болады. Тұрғындар қатысуға ниет танытты. Бұл дұрыс бастама деп есептеймін. Шара аясында өңірдегі барлық су қоймалары мен демалыс орындарын күл-қоқыстан тазартуды жоспарлап отрымыз.

Кейін, экологиялық акция да басталды.

Акция екі аумақта өтіп жатыр. Шара қатысушыларының бір тобы орман жақта жүр. Олар мұндағы қоқыстарды жинап, қаптарға салуда. Ал екіншілері “Лана” дәмханасының маңын тазалауда. Негізі бұл акция сенбі күні қалада ғана емес, облысымыздың аудандарында да ұйымдастырылды.

Азамат Бектасов – СҚО экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Республикалық акция облысымыздың түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Оған 14 мыңнан аса солтүстікқазақстандық қатысуда. Біз бүгін Пестрое көлінің маңын ғана тазалап қоймаймыз. Сонымен қатар, Жеңіс саябағы мен Новопавловка селосындағы зиратқа бар барып, қоқыс жинаймыз.

Пластика, қағаздар мен түрлі қалдықтар. Бұлардың арасында өңдеуге келетін заттар да бар. Сол себепті қатысушылар қоқыстарды сұрыптап, бөлек қаптарға салып жатыр. Олар кейін “Радуга” серіктестігіне жіберіліп, пайдаға жаратылмақ. Негізі тазалық шарасына мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйым мүшелері мен еріктілер қатысты. Тағы, «Жасыл ел» жасағының 50-ге жуық өкілі де қалыс қалмады. Солардың бірі – Аяна Хакимова. Бойжеткен табиғат жанашыры екен. Ол экологиялық акцияның бастау алғанына қуанышты.

Аяна Хакимова, «Жасыл ел» жасағының сарбазы:

– Менің ойымша осындай сенбіліктер үлкен пайда әкеледі. Біз осы қаланың тұрғыны болғандықтан шаһарға күтім жасап, өз пайдамызды тигізуіміз қажет.

Өңірімізде экологиялық акция түске қарай аяқталды. Нәтижесінде теріскейліктер 126 тонна күл-қоқыс жинапты. Айта кетейік, тазалық шарасы жаз бойы әр сенбі күні өткізілмек.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы