Құқық қорғау органдары

Өңір прокурорлары жартыжылдықты қорытындылады

6 мыңнан аса жерлесіміз уақытылы жалақыларын ала-алмай жүрген. Кәсіпорын басшылары еңбеккерлеріне 510 млн теңге қарыз болыпты. Қазір берешек өтелген. Бұл туралы журналистерге өңір прокурорлары жартыжылдықты қорытындылаған жиын барысында мәлімдеді.

2018 жылы өңір прокурорлары қылмыстың алдын-алу бағытында біраз шаруа атқарыпты. Нәтижесі – ауыз толтырып айтарлықтай. Биылғы алты айдың ішінде ғана кісі өлтіру – 28,6, қарақшылық – 40, алаяқтық – 19,8, ал зорлау 19 пайызға төмендеген. Ал, қазіргі таңда қадағалаушы орган өкілдері мал ұрлығын азайтуды қолға алған көрінеді. Сондай-ақ, мамандардың бастамасымен героинді саудалаумен айналысатын қылмыстық топ анықталды. Бүгінде олардың ісі сотта қаралып жатыр.

Ерлан Нұрұшкин – СҚО прокуратурасының басқарма бастығының міндетін атқарушы:

– Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласында зорлық әрекеттерімен байланысты құқықбұзушылықтар 14,3 пайызға төмендеді. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізумен балалар суицид және ұятсыз роликтер бойынша анықталған 67 топтың 58-і бұғатталды.

Құқықты қорғау демекші… 2017 жылы өңір прокурорларының көмегіне зейнет алды жасында жұмысынан қуылған нәзік жанды жүгініпті. Жерлесіміз ауылдық әкімдікте еңбек еткен екен.

Самат Төлегенов – СҚО прокуратурасының басқарма бастығы:

– 2007 жылы азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Кейін ол доғарылды. Бұл туралы мекеме басшыларына тек 2017-де белгілі болыпты. Сөйтіп, олар нәзікжандыны қызметінен босатты. Біз істің анық-қанығына жеттік. Архивтерді көтердік. Осылайша, жұмыстан шығару туралы қаулының заңсыз екендігін анықтадық. Қазір әйелді бұрыңғыша екі қолға бір күрекпен қамту бойынша шаруа атқарылып жатыр.

Жұмыс берушілер тарапынан жіберілетін олқылықтар аз емес. Соның бірі – уақытылы жалақыны төлемеуге қатысты. Мұндай проблемамен 45 бірдей кәсіпорынның қызметкерлері соқтығысыпты. 6 мыңнан аса адам өздерінің айлықтарын ала-алмай жүрген. Нәтижесінде, басшылық еңбеккерлеріне 510 млн теңге қарыздар болыпты.

Асхат Ауқатов – Петропавл қаласының прокуроры:

– «Осындай жағдайлардың бірі ЗИКСТО» зауытында орын алғаны барлығымызға мәлім. Мамыр айында кәсіпорынның қызметкерлерінен құралған бастамашыл топ біздің көмегімізге жүгінді. Жалақыларын ала-алмай жүргендіктерін баяндады. Біз бірден тексеріс жүргізіп, өзіміздің бақылауымызға алдық. Қазір проблеманың бір шеті шешілді деуге болады. Қарыз өтелген. Басшылық ауысты. Енді жұмысты жалғастыру ғана қалды.

Өңір прокурорлары қолданысқа беріліп, бірақ пайдаға жаратылмаған жерлерді қайтару ісін де жүргізуде. Мәселен, биыл құны 450 млн теңге болатын 58 учаске мемлекет меншігіне қайтадан өтіпті.

Ерлан Нұрұшкин – СҚО прокуратурасының басқарма бастығының міндетін атқарушы:

– Тексеріс өткізілді. Қорытындысы бойынша 67 мың га жер қолданылмаған. Солар бойынша актілерді енгізіп, қазір мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Тағы жиын барысында Қызылжар ауданында ұйымдастырылған «Заң керуені» атты ауқымды акция туралы сөз болды. “Елді мекендіктердің жеткізген базыналары мен проблемаларының бірі де қараусыз қалмайды”,- дейді прокурорлар. Қадағалаушы орган өкілдері барлығын тізбектеп, облыс әкіміне жолдаған. Дәл осындай шараны енді мамандар Петропавл қаласында ұйымдастырмақ.

Эльмира Садвокасова