Спорт

Үздік биатлоншылар анықталды

Жазғы биатлоннан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 200-ден аса спортшы қатысты. 3 күнге созылған додада өрендер спринт, жеке жарыс және командалық эстафетада бақ сынады.

Петропавлда жазғы биатлоннан жасөспірімдер арасында ел біріншілігі осыдан 3 күн бұрын басталды. Алдымен сайдың тасындай іріктелген ұл-қыздар спринтте бақ сынады. Кейін, жеке жарыста мықтыны анықтады. Ал бүгін – командалық эстафета. Бұл сайыста өңір намысын 14 жастағы Мария Валента да қорғамақ. Ол былтыр Ресейдің Новосібір қаласында өткен халықаралық чемпионатта топ жарыпты. Жеткіншек осы жолғы додада да чемпион атанамын деп отыр.

Мария Валента, СҚО олимпиада резерві мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқушысы:

– 3 күн бұрын басталған чемпионат мен үшін сәтті өтіп жатыр. Спринтте де, жеке жарыста да бірінші орын алдым. Қазір кезегім келгенде қорытынды эстафета да өнер көрсетемін. Жеңіске жетемін деп ойлаймын.

2 күндіктің қорытындысы бойынша көш басында Ақмола облысының жасөспірімдері тұр. Одан кейін солтүстікқазақстандықтар. Ал үздік үштікті керекулік спортшылар тұйықтайды. Бірақ, бүгін барлығы өзгеруі мүмкін.

Игорь Ильин, биатлоннан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Жарысқа 200-ден аса спортшы қатысып жатыр. Барлығы мықты. Тартысты чемпионаттың куәсі болудамыз. Бүгін ақтын сын. Қазір жеңімпаз анықталады. Командалық эстафетада ұлдар – 3900, ал қыздар – 3000 метрді бағындырады. Нысана көздемейді. Кімнің топ жаратынын дәл осы сәтте айту өте қиын.

Көп кешікпей командалық эстафетада аяқталды. Жүлдегерлер белгілі. 3-ші орын қарағандылықтарға бұйырды. Екінші сатыға жерлестеріміз жайғасты. Ал чемпион Ақмола облысының жасөспірімдері. Тұғырдан көрінген спортшылар мақтау қағаздары, медаль және кубокпен марапатталды.

 

Бердімұрат Баймұқан.