Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ға кезекті шетелдік елші келді

Теріскейліктер кезекті шетелдік дипломатты қарсы алды. Бұл жолы өңірімізге Германияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі келді. Бүгін таңертең Тило КлИннер аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен жүздесіп, түрлі тақырыпты талқылады. Айтар болсақ, қос тарап аграрлық және машина жасау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын тілге тиек етті.

Тило Клиннер – соңғы екі аптада өңірімізге ат басын бұрған екінші дипломат. Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісін облыс әкімі Құмар Ақақалов қабылдады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Уақыт бөліп, Солтүстік Қазақстан өлкесіне сапар жасағаныңыз үшін рахмет айтамын! Облысымызға қош келдіңіз!

Тило Клиннер – ГФР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Қонақжайлылықтарыңыз үшін шексіз алғыс білдіремін. Сізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Екіжақтық әріптестіктің әлеуетін талқылау үшін келдік.

Ал әріптестік әлеуеті жоғары. Өйкені Германия – Солтүстік Қазақстанның байырғы әрі сенімді сауда серіктесі. Жыл сайын бұл мемлекеттен біз мыңдаған бас ангус, симментал сынды асыл тұқымды ірі қара әкелеміз. Ал, немістің “CLAAS”, “HORSCH” сынды ауыл шаруашылығы техникасы жергілікті диқандардың зор сұранысына ие. Бірақ, бұдан да тығыз жұмыс істеп, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын уақыт келді. Бастама бар. Жуық арада жаңа ғана айтылған “CLAAS” компаниясы бізде өз комбайндарын, тракторлары мен себу кешендерін жинайды деп жоспарланып отыр. Мұндай зауыт ашу бойынша келіссөздер 1 жыл бойы жүргізіліп келеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Бұл жоба Үкімет тарапынан, нақтырақ Премьер-Министрдің өзінен қолдау тапты. “CLAAS” басшылығы да бізде техникасын жинауға қарсы емес. Енді кездесіп, тиісті құжаттарға қол қою ғана қалды. Бұл екі тарап үшін де тиімді жоба. Өйткені, компанияның техникасына сұраныс артады, ал біздің диқандар оны 52 пайызға арзан бағамен сатып алатын болады.

Тило Клиннер – ГФР Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Біз бұл жобаны қолдаймыз. Сіздердің аграрлық аймақ екендеріңізді жақсы білеміз. Ал ауыл шаруашылығы – бұл кез-келген мемлекет дамуының маңызды аспектісі саналады. Сондықтан, қолға алған іс жемісті жүзеге асып жатса, біз қуаныштымыз.

Алқаптарға себілетін химиялық тыңайтқыштар өндірісінде де қоян қолтық жұмыс жасасақ қайтеді? Облыс әкімі елшіге осындай ұсыныс тастады. Өйткені сапалы еуропалық препараттарға сұраныс жоғары, ал оларды жеткізу қымбат.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Гербицидтерді сатып алу үшін жыл сайын қомақты қаржы жұмсаймыз. Сондықтан, тыңайтқыштардың бұл түрін өндіретін зауытты бірлесіп, Солтүстік Қазақстанда ашсақ жақсы болар еді. Осылайша, олардың бағасын біршама арзандата аламыз. Бұл өте тиімді ұсыныс. Жобаны жүзеге асыруда қиындық тумайды.

Аймақ басшысы инвесторларға тиісті қолдау көрсетеміз деді. Олар салықтан босатылады, субсидиялардың түр-түрін ала алады. Өзге де жеңілдіктер жететін. Тило Клиннердің айтуынша немістің компаниялары Қазақстанда өндіріс ошақтарын ашуға дайын. Бұйырса, ауыл шаруашылығы техникасынан басқа, германдық шаңсорғыштар мен желдеткіштер де елімізде жасалатын болады.

Амангелді Кәкімов – “СФТ Казахстан” ЖШС коммерциялық директоры:

– Қазақстанда жұмыс істейтін Германиялық компаниямыз. Қазіргі уақытта техникалық көмек жасап жатырмыз. Көп бұйымдар Германиядан келіп жатыр. Енді бұлардың барлығын болашақта Қазақстанда жасаймыз деген ойдамын. Облыс әкімі айтқандай 80 пайызға дейін бағасын азайту керек. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылады.

Мәдени байланысты да нығайту керекпіз деп санайды, Құмар Ақсақалов. Себебі, Солтүстік Қазақстанда неміс ұлтының өкілдері көп тұрады. Германияда өмір сүретін қандастарымыз да баршылық. Сондықтан, облыс әкімі теріскей мен Германия арасындағы әуе байланысын жандандыру керек деді. Тило Клиннер мұның оңайға соқпайтындығын айтты. Өйкені, әуе компанияларына бұл қаржылай тұрғыда тиімсіз болуы мүмкін.

Саят Ермек