МТРА жаңалықтары

Есіл ауданында – жаңа басшы

Есіл ауданында – жаңа әкім. Бұл қызметке облыстық ветеринария басқармасының экс басшысы Алтынбек Абдоллаев тағайындалды. Әкімді активке өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов таныстырып, Құмар Ақсақаловтың жүктеген бірқатар міндетін жеткізді. Бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы саласын дамытып, инвесторларды тарту қажет. Тағы, тұрғындардың өмір сапасын назарда ұстаған жөн.

Алтынбек Абдоллаев теріскей жұртына жақсы таныс. 1984-те ол еңбек жолын Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Чистополье селосында мал дәрігері болып бастаған. Кейін де бірнеше жыл бойы осы салада ветеринарлық қызмет атқарыпты.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– 1992-2004 жылдар аралығында Алтынбек Абдоллаев Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің аппарат басшысы болды. Кейін Мамлют, Қызылжар аудандары жетекшісінің орынбасары қызметінде еңбек етті. Ал, 2009-дан бастап ауыл шаруашылығы басқармасында жұмыс істеді. Соңғы бір жыл өңірдің бас ветеринары лауазымында болды. Алтынбек Тағайбекұлы тәжірибелі, білікті басшы. Сондықтан, артылған сенімді ақтап шығады деген ойдамыз.

Алтынбек Абдоллаев – Есіл ауданының әкімі:

– Артқан сенімдеріңізді ақтауға тырысамын.

Шынымен де, Алтынбек Абдоллаевтың иығына артылған жүк ауыр. Аймақ басшылығы да, есілдіктер де үлкен үміт артып отыр. Ауданның соңғы жартыжылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жаман емес. Жұмысқа әлі де қарқын қосу қажет. Осы ретте өңір жетекшісінің жаңа әкімге жүктеген міндеттерін бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жіпке тізді. “Өлкеміз аграрлы секторға басымдық беретіндіктен, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуі – басты назарда болуы қажет дейді”,- дейді ол.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Ең бірінші кезекте – ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы ішкі өнім көлемінің азаюына жол бермеу қажет. Бүгінде ол – 4,3 млрд теңгені құрайды. Облыстық көрсеткішпен салыстырғанда – төмен. Жалпы, ағымдағы жыл теріскейлік аграрийлер үшін өте қолайлы болып тұр. Барлық жұмыс жоспарға сай жүргізіліп келеді. Енді орақ науқанына дайындықты бастау керек. Мал шаруашылығын да назардан тыс қалдырмаңыздар.

Тұрғындар өмірінің сапасы – аудан әкімдерінің жұмысын бағалайтын бірден-бір көрсеткіш. Жаңа басшыға бұны басты назарға алу қажет. Бүгінде есілдіктердің алатын жалақылары көңіл көншітеді деп айта алмаймыз. Орташа айлық – 97 мың теңгені қрайды. Облыс бойынша – 8-ші орын. Жақсы өмір іздеп көшіп кетіп жатқандардың саны артуда. Биыл 403 адам ауданнан қоныс аударыпты. Бұл – бизнесмендердің де өз еңбеккерлері үшін жасай алмаған жағдайының нәтижесі.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Агроқұрылым басшылары жұмысшыларының еңбекақысын өсіре алады. Болашақта мамандарсыз қалғыларыңыз келмесе, оларды лайықты айлықпен қамту қажет. Бұны әрдайым өңір жетекшісі де айтып отырады. Шаруаның атқарылуын қадағалап, бақылауда ұстайтын комиссия құрған жөн. Егер аграрийлер тиісті шараларды жүргізбесе, халық алдына шығарып, есеп бергіземіз.

Егер жүктелген міндеттердің барлығы орындалса, ауданға түстіктен қоныс аударатындардың да саны артпақ. Биыл жоспар бойынша көшіп келетін отбасыларға су жаңа 35 үй тұрғызылмақ. Бірақ, құрылыс қазір тек 3 учаскеде жүргізіліп жатыр. Соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес, теріскей енді Нұр-сұлтан қаласының тұрғындарын да қабылдай алады. Уақытты созбай, елордаға барып, ниеттенген жандарды біздің жаққа тарту қажет. Тағы облыс әкімінің бірінші орынбасары айта-айта жыр болған мәселелерді де тілге тиек етті. Биыл 82,4 шақырым жол жөндеу көрмек. Бұл мақсатқа 388,6 млн теңге жұмсалады. Ал, алдағы 3 жылда 9 елді мекен таза ауыз сумен қамтылмақ.

Эльмира Садвокасова