Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жылыту маусымына дайындық

Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла! Петропавлда жылыту маусымына дайындық бастау алды. Қазір көпқабатты үйлердің өкілдері құбырларды жуып-шаю шараларын жүргізуде. Алайда, кейбір тұрғындар тиісті шаруаны атқаруға құлық танытпай отыр. Бүгінге дейін “Петропавл жылу желілері” қысқа әзірлігі туралы паспортты тек 12 баспанаға беріпті. Тағы, 230-ының өтініші қаралу үстінде.

Бұл – Уәлиханов, 48 мекен жайы бойынша орналасқан үй. 4 жыл бұрын баспана «Рахат үй» пәтер иелері кооперативіне қосылыпты. Содан бері талай оң өзгеріс орын алған. Алаңқайлар орнатылып, аула тазалықта ұсталынуда. Жылыту маусымына әзірлік те жылда уақытылы өткізіле бастаған. Мәселен, биыл іске мамандар шілденің соңында кірісіпті.

Сантехниктер таңғы 9-дан бел жазбай еңбек етіп жатыр. Құбырларды жуып-шаю ісі ұзақ уақытты талап етпейді дейді мамандар. Жыл сайын жүйені бақылауда ұстап, уақытында қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізсе, ешбір қиындық туындамайды екен. Дәл осы баспанадағы шаруа бір күнде аяқталмақ. Қалған үйлердегі жұмыс созылып кетуі мүмкін. Ол – тұрғындарға байланысты. ПИК төрайымының айтуынша, атқарылатын шаралар туралы ол адамдарды бір жарым ай бұрын хабарландырыпты.

Юлия Андроненко – «Рахат үй» ПИК төрайымы:

– «Рахат үй» пәтер иелері кооперативінің құрамына 4 үй кіреді. Шамамен 10 күн ішінде баспаналардағы әзірлік шараларын толық аяқтаймыз деген ойдамын. Жылыту маусымына дайындыққа әрбір тұрғын жауапты қарауы тиіс. Егер үйлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатса, шілдеге дейін аяқтағандары абзал. Себебі, олар құбырларды ауыстыратын болса, бізге барлық нысанды жүйеден ажыратуға тура келеді. Бұл – оңай шаруа емес. Барлығын алдын-ала ескерттік, түсіністікпен қарауға тырысуда.

Жуып-шаю шарасының дұрыс жүргізілуін «Петропавл жылу желілерінің» мамандары қадағалайды екен. Ал, шаруа аяқталғаннан кейін олар тағы бір тексеріс өткізеді. Олқылық анықталмаса, тұрғындарға сәйкес паспорт беріледі. Бүгінде мұндай құжатқа қаламыздағы 12 ғана көпқабатты үйдің өкілдері қол жеткізіпті. Тағы 230-дай баспана өтініш білдірген екен. Қалғандары тиісті жұмысты атқаруға әлі асығар емес.

Анатолий Мишин – Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Жыл сайын 130 дан аса үй қауырт маусымға жөнді дайындалмайды. Осы ретте петропавлдықтардың құлағына алтын сырға! Әзірлік паспортына қол жеткізбеген баспана тұрғындарының кейін жылыту жүйесіне қатысты шағымдары болса, оларды қарастырмайтын боламыз. Жылу желілері өтініштерді тек қыркүйектің біріне дейін қабылдайды. Сондықтан, тезірек қимылдаған жөн.

Айта кеткен жөн, енді баспананың қысқа дайындығы туралы құжатын бұрыңғыдай 10 тәулік күтудің қажеті жоқ. Жылу желілері паспортты 3 күнде-ақ әзірлеп бермек.

 

 

Эльмира Садвокасова