Мәдениет

Жергілікті би ұжымы халықаралық байқаудан жүлделі оралды

Жерлестеріміз жарады! Жақында жергілікті “Мәңгілік” би ансамблі Болгария мен Сербия елдерінде өткен бірнеше халықаралық фестивалге қатысып қайтты. Онда теріскейліктер 3 бірдей кубокты қанжығалады. Бүгін өнер иелері БАҚ өкілдерімен жүздесіп, байқау жайлы әңгімеледі.

Бұл – жергілікті «Мәңгілік» би ансамбілі. Олар жақында ғана 23-ші мәрте ұйымдастырылған Витоша халықаралық фольклорлық фестивалінде өнер көрсетті. 12 мемлекеттің таланттары бас қосқан дода Болгария елінде өтті. Онда жерлестеріміз топ жарып, «Үздік хореография» және «София қаласының мэрі» атты кубоктарын жеңіп алған. Ал, бүгін ұжым мүшелері теріскейлік БАҚ өкілдерімен кездесіп, жетістіктері жайлы әңгімелеп жатыр.

Михаил Лахтин – «Мәңгілік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

-Ұжымымыз фестивальде көпшілік назарына алдын ала дайындаған бағдарламаны ұсынды. Би мен ән әр 2 жарым минут сайын өзгеріп отырады. Осылайша жарты сағат билеп, бірнеше нөмір көрсеттік. Жиналғандар мен қазылар алқасына ұнады. Кейін барлығы біздің қай елден келгенімізді сұрап, өнерімізге қызығушылықтарын танытып жатты.

Бұл байқаудан соң солтүстікқазақстандықтар Сербия еліне жол тартады. Онда шілденің 3-і мен 20-сы аралығында 2 бірдей халықаралық фестиваль өткен. Алғашқы додада жерлестеріміз «Төрешілер алқасының ең жарқын әсері» атты кубогын иеленіпті. Ал, екіншісінде
дипломмен марапатталған. Жалпы, ансамбль 22 өнерпаздан тұрады. Міне, осы жандардың 18-і ел намысын қорғапты. Арасында Қадыржан Темірболат та бар.

Қадыржан Темірболат – «Мәңгілік» би ансамблінің бишісі:

– «Мәңгілік» би ансамбілінде 1 жыл 8 айдан бері жұмыс істеп келемін. Ұжымға алғаш келгенде өзімнің бұрынғы жетекшім Михаил Лахтинді көргенде қатты қуандым. Ол бізге көп білім берді. Мені би әлеміне алып келген кісі. Ол кісі болса осындай жетістікке жетпес едік.

Қазақ, орыс, украин, поляк және армян. Биыл ұжымның құрылғанына 2 жыл толады. Қазіргі таңда топтың репертуарында 20-дан аса би бар. Оның басым бөлігі – қазақтың ұлттық билері.

Досбол Әбдірисов – СҚО мәдениет, архив және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Мұндай гастрольдік сапарлардың мақсаты – би әлде ән болсын, бастысы мәдениетімізді шетелге көрсетіп, паш ету. Оған қоса әртістеріміз өзімізде алған тәжірибелерін басқа елде шыңдайды.

Көк туымызды көкте желбіретіп жүрген жерлестеріміз мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар биыл Қазақстанда ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларда өнер көрсетпек. Ал, келесі жылы Польшада өтетін халықаралық би фестиваліне қатыспақшы. Жерлестеріміз аздаған демалыстан соң, дайындықты бастаймыз деп отыр.

 

 

 

Маржан Касымбек