МТРА жаңалықтары

Теріскейліктер Арыс тұрғындарына көмектесуде

Арыс қаласында жойқын жарылыстың орын алғанына бүгін тура – 1 ай. Қазір шаһар қарқынды түрде қалыпқа келтіріліп жатыр. Іске еліміздің әр өңірі мен 3 мегаполисі жұмылдырылған. Секторлардың бірі теріскейліктерге бекітілген болатын. “Жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталады”,- дейді Арыста жүрген облыс әкімінің орынбасар Антон Федяев.

24 маусым. Арыс қаласы. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қайғылы күндердің бірі. Мыңдаған адам жойқын жарылыстан үйлерін тастап, шаһардан қашуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, бірнеше азамат қаза тапты. Ал ондаған тұрғын жарақат алды.

Содан бері тура бір ай өтті. Қазір жаға ұстатарлық жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалуда. Ал, тұрғындар болса, үйлеріне оралып, баспаналарын қалыпқа келтіріп жатыр. Бастарына іс түскенде арыстықтарды отандастары жалғыз қалдырған жоқ. Сол күні-ақ, шамалары келгенше ақша аударып, гуманитарлық көмек жинады. Теріскей жұртшылығы азық түлік, гигиеналық заттар мен киім-кешектің 110 тоннасын жөнелтті. Жағдайды бағамдап, жергілікті халықпен жүздесу үшін өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов та Арысқа барып қайтты. Ал, қазір шаһарда СҚО өкілдері жұмыс жасауда. Аймақ басшысының орынбасары Антон Федяев бастаған топ қаланың 13-ші секторына жауапты. Мұнда 368 баспана бар. Үйлердің 190-ы жөндеуді талап етеді.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Баспаналардың басым бөлігінің төбесі, қабырғалары мен терезелеріне зақым келген. Бүгінгі күні үйлердің 75 пайызы жөнделді. Шаруа әлі де жалғасып жатыр. Шамамен 10 күн ішінде істі толықтай аяқтайтын боламыз. Бұл ретте біршама қиындықтар бар. Мұндағы нысандарды тұрғындар өздері салған. Тұрғызу барысында кейбірі құрылыс нормаларын сақтамапты. Сондықтан, қалыпқа келтіру кезінде осындай проблемаларға соқтығысып жатырмыз.

Жалпы, шаһар 17 секторға бөлінген болатын. Әрбіреуінде 14 өңір мен 3 мегаполис өкілдері қалыпқа келтіру шараларын жүргізуде.

Эльмира Садвокасова