Энергетика

“Севказэнергосбыт” ЖШС қоғамдық тыңдау өткізді

155 млн теңге. “Севказэнергосбыт” серіктестігінің тұтынушылары қазіргі күні компанияға дәл осыншама сома қарыз. Олардың дені жылуға ұзақ уақыт бойы төлем жасамаған жандар. Бұл туралы кәсіпорын өкілдері қоғамдық тыңдауда айтты.

Қоғамдық тыңдау – мәселелерді талқылауға арналған тиімді платформа. Алайда, «Севказэнергосбыт» серіктестігі өткізген шараға тұрғындар қатыспады. Жиын жарты жылда атқарған шаруаны қорытындылауға арналған. Кәсіпорын бүгінде 164 мыңға жуық теріскейлікті электр энергиясымен, 74 мыңдай өңір тұрғынын жылумен қамтып отыр. Компания жұмысты барынша уақытылы, сапалы істеуге тырысады. Бұл мақсатта басшылықтың мұрындық болуымен ведомствоаралық комиссия құрылған. Оның қатарына әкімдік пен қоғамдық ұйым өкілдері және депутаттар кіреді. Кеңес мүшелері 3 бірдей отырыс өткізіп, қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталған жоспар құрыпты. Қазір серіктестік мамандары дәл осы құжат негізінде еңбек етіп жатыр.

Мағауия Сағандықов – «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– 2015-те ұзақ уақытқа шақталған инвестициялық программа қабылданды. Өткен 3 жылдың ішінде біз межені толықтай орындадық. Биылға жоба бойынша 20 млн теңгедей қаржы бөлінді. Қаражат қызмет сапасын арттыруға бағытталады. Яғни, көпфункционалды принтер, қуатты компьютер алуға жұмсалады. Бүгінде ақшаның 20 пайызы игерілді.

Бір сөзбен айтқанда, компания тұрғындардың ыңғайлылығы үшін бірқатар жұмысты атқарып жатыр. Алайда, бұны бағаламайтын жандар да кездеседі, өкінішке қарай. Бүгінде серіктестік тұтынушыларының қарызы 155 млн теңгені құрайды. Олардың арасында жарыққа айлап, ал жылуға жылдап төлемегендер бар. Барлығы – 500 адам шамасында.

Мағауия Сағандықов – «Севказэнергосбыт» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Нормативті құқықтық актілерге сәйкес, төлемді келесі айдың 25-ші жұлдызына дейін жасау қажет. Егер тұтынушы мерзімді өткізіп алса, жазбаша хабарландыру жібереміз. Содан кейін де төлеуге құлық танытпаса, жарықты сөндіреміз. Ал, жылудың мәселесі – мүлдем басқа. Көпқабатты үйлердің кейбір тұрғындары бізге жылдап қарыз. Неге десеңіз, бір ғана пәтер үшін жылуды тоқтату мүмкін емес. Сондықтан, олар бұл қызметті пайдалана береді. Мұндай жауапсыз адамдармен жеке сот орындаушылары арқылы жұмыс істейміз.

Электр энергиясына уақытылы төлем жасамайтын жандармен мәселе тез арада шешіледі екен. Ал, жылуға берешек тұрғындардың кейбіріне қатысты қатаң шараларды қолдануға тура келеді дейді мамандар. Жеке сот орындаушылары арқылы жауапсыз тұтынушылардың тіпті үйін саудаға қойған кездері де болыпты. Сондықтан, серіктестік өкілдері теріскейліктерді жағдайды ушықтырмауға шақырады. Ал, егер қаржылай мүмкіндік болмай жатса, компания өкілдері түсіністікпен қарайды екен. Қарызды бірнеше айға бөліп қайтару да қарастырылған.

 

Эльмира Садвокасова