Қоғам

Атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғандар анықталды

Ережені елемей жәрдемақы алғандар! Жуырда өңірімізде атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келгендер анықталды. Қызылжар ауданында тұратын 3 жанұя табыстарын жасыру арқылы жәрдемақы рәсімдеген екен. Енді олар мемлекеттен берілген ақшаны толық көлемде кері қайтарулары тиіс.

Бүгінде Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті 290 мыңнан аса жанұя алады. Яғни, еліміздегі осынша отбасының әрбір мүшесіне 21 мың теңгенің көлемінде материалдық төлем жасалады. Бір қызығы олардың кейбіріне мемлекеттік жәрдемақы заңсыз беріліпті. Мұндай фактілер біздің өңірде де анықталған.

Индира Баженова – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Өкінішке қарай, елде жақсы бір нәрсе қабылданғанда содан табыс көргісі келетін адамдар да пайда болады. Олар сол үшін түрлі шараларға барады. Мысалы, табыстарын жасырады, әдейі ажырасады және тағы басқа айлаларды қолданады. Сөзіме дәлел келтірейін. Жуырда Қызылжар ауданындағы жұмыспен қамту орталығында жүргізілген тексеріске қатыстым. Мониторинг барысында 1711 ереже бұзушылық анықталды.

Ол қандай бұзушылық? Осыған жіті тоқталайық. Тексеріс кезінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 3 жанұяның бизнеспен айналысып, жақсы табыс табатындығы анықталыпты. Яғни, олар мұқтаж отбасыларға тиесілі жәрдемақыны осы күнге дейін қалталарына басып келген. Ережені ескермеген теріскейліктерге тиісті шара қолданылады. Жерлестеріміз алдағы уақытта материалдық көмекті мемлекетке қайтаруы тиіс. Әйтпеген жағдайда іс қозғалып, сотта қаралуы мүмкін.

Индира Баженова – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– Қызылжар ауданындағы 3 отбасыға да АӘК заңды негізде берілген. Себебі, олар қажетті құжаттардың барлығын тапсырыпты. Бірақ, Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жалақыларын жасыру арқылы, ең төменгі зейнетақы жарналарын аударып отырған. Осылайша жәрдемақы алып келген. Мұның бәрі тексеріс кезінде белгілі болды.

Бұл жыл басынан бері өңірімізде тіркелген фактілер. Ал күллі Қазақстанда орын алған заңбұзушылықтардың саны қанша? Бүгінгі күні екі мыңға жуық отандасымыз атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келгені анықталды. Алдағы уақытта бұған жол бермеу қажет. Сондықтан қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде арнайы топтар құрылып, өңірлерде тексерістер жүргізіп жатыр.

Ешкенова Дана