Құқық қорғау органдары

Жұмысшы кентіндегі тексеріс

Өңірде «Тұрмыс. Қадағалау. Алкоголь» атты облыстық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның аясында 160-тан аса тәртіп сақшысы Жұмысшы кентіндегі металл қабылдау пункттерін тексерді. Сонымен қатар, тұрғындармен жүздесіп, түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтады.

Тәртіп сақшылары алдымен метал қабылдау пункттерін тексерді. Жұмысшы кентінде олардың саны 4-еу. Солардың тек біреуі ғана заң аясында жұмыс істейді екен. Ал өзгелеріне ұрланған заттарды тапсырып, оңай олжаға кенелуге болады. Бұл мәселені қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы бақылауға алды. Кейін, мамандар көшелер мен аулаларды аралады. Мұндағы мақсат – тұрғылықты мекен жайы жоқ, маскүнемдікке салынған, іздеуде және ел аумағында заңсыз жүрген тұлғаларды анықтау.

Бейбіт Әлімжанов – қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің бөлімше бастығы:

 – Жұмысшы кентінде тәртіп сақшылары үй-үйді аралап, визиткаларын таратып жүр. Сондай-ақ есепте тұрған тұлғаларды тексеріп, ауланың абаттандыру жағдайын да ескеруде.

Рейд барысында полицейлер есепте тұрған 185 тұлғамен әңгіме жүргізді. Ал, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар болса, тұрмысы нашар отбасыны анықтап, тіркеуге қойды. Жалпы, 2 күн ішінде мыңнан астам үй тексерілді.

– Отбывали наказание в местах лишения свободы? – Да. – Сколько лет? – Два и три, условно-досрочно. – В каком году привлекались вы? – В 2001.

Рейд кезінде барлығы 150-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Тұрғындардың көбі өз аулаларына күтім жасамайды. Мұндай 65 факті тіркелді. Сондай-ақ, тіркеусіз және жеке куәліксіз жүрген 31, ал ішімдікке тойып алып, көшеге шыққан 15 адам жауапкершілікке тартылды. 4 қала тұрғыны болса қаруды үйінде заңсыз сақтаған. Ал екі адам тиісті рұқсат қағазы болмай тұра, алкоголь өнімдерін сатыпты. Олардан 2,5 литр спирт тәркіленді.

Бердімұрат Баймұқан