Құқық қорғау органдары

Шетелдіктерге арналған электрондық виза

Қазақстанға келгісі келетін шетелдіктер жыл басынан бері электронды форматта виза ала алады. Ол үшін міндетті түрде біздің тараптан шақырту жасалуы тиіс. Өңірде мұндай жаңашылдықты пайдаланғандар бар. Бүгінгі күнге дейін 90 өзге мемлекет азаматына теріскейден шақырту жіберіліпті.

Инвесторлар, туристер мен шетелдіктер. Жыл сайын өңірімізге өзге мемлекеттерден жүздеген азамат келеді. Олар Қазақстанға ат басын бұрардың алдында виза алулары тиіс. Бұл бәрімізге де белгілі. Биылдан бастап аталған процесс біршама жеңілдеді. Енді рұқсат қағазға электронды түрде қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Самат Базылов – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалары жөніндегі аға инспекторы:

– Үстіміздігі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап шетелдіктер визаны электронды форматта ала алады. Қызмет рұқсат қағазды тек шақырту арқылы рәсімдейтіндер үшін қол жетімді. Яғни, олардың қатарына елімізде іскерлік қарым-қатынас орнатқан азаматтар, Қазақстанда емделгісі келетін жандар мен саяхатшылар жатады.

Өзге мемлекет тұрғынын шақыртушы адам көші-қон қызметіне өтініш білдіреді. Егер барлық талап орындалса, қазақстандық тарап 9 саннан тұратын номерге қол жеткізеді. Кейін оны шетел азаматы арнайы порталға енгізеді. Осылайша, елімізге келуге мүмкіндік беретін құжатты әп-сәтте-ақ рәсімдейді. Жалпы, туристік электрондық визалар 117 елдің өкілдеріне беріледі екен. Ал іскер және емделуге арналған рұқсат қағазды 23 мемлекеттің адамдары ала алады

Жанат Сағынтай – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Шетел азаматтары үйлерінен шықпай-ақ электронды визаны алады. Бар жоғы порталдағы құжаттаманы толтыруы керек.

Электрондық визамен тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әуежайлардың бақылау пункттеріне келуге болады екен. Жалпы, жыл басынан теріскейліктер шетел азаматтарына 90 шақырту жіберген.

 

Маржан Касымбек