Спорт

Петропавлда жазғы биатлоннан ел чемпионаты басталды

Жүйріктер мен сұрмергендердің сайысы. Петропавл қаласының Борки кентінде жасөспірімдер арасында жазғы биатлоннан ел чемпионаты бастау алды. Дүбірлі дода 3 күнге жалғаспақ. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 200-ден аса спортшы қатысып жатыр. Бүгін өрендер спринт жарысында бақ сынасты.

Петропавлда жасөспірімдер арасында биатлоннан жазғы ел чемпионаты жыл сайын өтеді. Биыл 5-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі сайыста өңіріміздің намысын Владислав Седоркин қорғамақ. Ол былтырғы жарыста ерекше көзге түсіп, командалық эстафетада жүлделі орыннан көрініпті. Осы еңбегі бағаланды. Жерлесімізге ашылу салтанатында «спорт шеберіне үміткер» атағы берілді.

Владислав Седоркин – Солтүстік қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Мен спорттың бұл түрімен 6 жылдан бері айналысамын. Қазір жасым 16-да. Осы уақыт ішінде бірнеше рет мәрте Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлдегер атандым. Бұл жарыста да командамызбен жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын.

Көп кешікпей жарыс та басталды. Бүгін – спринт. Сайдың тасындай іріктелген биатлоншылар 4500 метр қашықтыққа жүгіреді. Бұл 3 айналымды құрайды. Оған қоса мергендік сыналды. Өрендер бәсеке барысында 50 метрде орналасқан 5 бірдей дөңгелекті пневматикалық винтовкамен атады.

Тапсырма осындай. Соңында құралайды көзге атып, жүгіруде аса шапшаңдық танытқан спортшылар жарыстың жеңімпазы атанбақ.

Виктор Соловьев – чемпионаттың бас төрешісі:

– Чемпионатқа 13 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысып жатыр. Олар еліміздің 6 облысынан келді. Мысалы, бұл жерде жергілікті спортшылардан бөлек, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе өңірінің өрендері бар. Қатысушылардың барлығы мықты. Жарыс жоғары деңгейде өтері сөзсіз.

Жалпы, ел біріншілігінде 200-ден аса спортшы бақ сынамақ. Жарыс 3 күнге жалғасады. Бүгін спринт, ал ертең жеке сайыс болады. Кейін, бір күндік демалыс. Одан соң жасөспірімдер командалық эстафетада бәсекеге түседі. Жүзден жүйрік атанған өрендер медальдар және мақтау қағаздарымен марапатталады.

 

Бердімұрат Баймұқан