Мәдениет

Оксана Ефремованың шығармашылық кеші өтті

Бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханда ақын, жазушы Оксана Ефремованың шығармашылық кеші өтті. Шарада жергілікті қаламгер оқырмандары мен әріптестеріне өмір жолын, шығармашылығын әңгімеледі. Тағы, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ол жақында тағы бір кітабының тұсауын кескелі отыр екен.

Оксана Ефремова – қағаз бен қаламды мектеп қабырғасында жанына серік етіпті. Оқушы кезінде түрлі тақырыптарда өлең жазған екен. Ал бүгінде бірнеше жинақтың авторы. Оның алғашқы туындысы 2009 жылы жарық көреді. Кейін, 2014-те «Фагот: первые шаги музыканта» атты кітабы басылады. Биыл жасөспірімдерге арналған 5 бірдей әңгімесі «Фантазмы» еңбегіне енеді. Жерлесіміздің шығармасы фантастикалық жанрда көрерменге жол тартыпты.

Валентина Гвоздева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ аға оқытушысы:

 – Фантастикалық жанрдағы шығармаларды қарап шықтым. Барлығы қызықты жазылған. Оқып отырып, оқиғаны көз алдына елестетесің. Құдды бір сол әлемге тап болғандайсың. Бұл әңгімелермен ұл-қыздар міндетті түрде танысу қажет. Балалар еңбектерді оқу арқылы ой-өрістерін дамытады.

Сонымен қоса, жазушының «За черной полосой будет радуга» атты повесті бар. Онда автор кейіпкерлердің аттарын өзгерту арқылы өз өмірін баяндапты. Тағы, былтыр жергілікті оқушылар мен ұстаздар қауымы бірлесе әзірлеген “Пробы” әдістемелік жинағының редакторы болыпты. Мұның бәрі шығармашылық кеште айтылды, көрермен назарына ұсынылды.

Оксана Ефремова, ақын, жазушы, Ресей жазушылар одағының мүшесі:

– Бүгінгі кеш “Векторы творчества” деп аталады. Шарада мен өзімнің өмірім, туындыларым жайлы әңгімелеп жатырмын. Жиналғандардың сұрақтарына жауап та беремін. Олар көбіне шығармалардың жазылу тарихын сұрайды. Өлең де оқымақшыман. Жалпы, есеп беру – әр өнер иесінің міндеті.

Жерлесіміз шығармашылығын әрі қарай дамытпақ. Ол биыл «Векторы» атты кітабын жазып қойыпты. Туынды тамыз айында басылатын болады.

 

Актолкын Солтанханкызы